Kyzylorda-news.kz  Қасиетті Қазалы топырағы талай дарындарды, даңқты тұлғалар мен елге еңбегі сіңген нағыз еңбек ерлерін дүниеге әкелген киелі мекен.

Жақында Қазалыда осындай туған жердің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Жоғары кеңесінің депутаты, атақты күрішші Көлжан Оразалиеваның 100 жылдығына орай тағылымға толы шара өтті.

Қазалыға қарасты Ғани Мұратбаев ауылдық округінде өткен мерейтойлық шаралардың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов қатысып, барша ауыл тұрғындарын, еңбек ардагерінің ұрпақтарын мерейтоймен құттықтап, Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің құттықтауын табыстады.

Мерейтойлық шараларда «Мен анамын бақыт тапқан еңбектен, бір қолыммен бесігімді тербеткен» атты жас аналар байқауы, «Еңбек fest» атты еңбек фестивалі, жүгіру марафоны және ұлттық спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Көлжан Оразалиеваның өмір жолына байланысты ұрпақтарының жазған «Асыл әжем ардақты» атты кітаптың ашылу рәсімі өтті.

Көлжан Оразалиева 1924 жылы Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылында дүниеге келген. Еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері. Қазақ КСР-і ауыл шаруашылығының озаты. 1945 жылдан күріш өсірушілер звеносының жетекшісі. 1948 жылы оның звеносы күріш егістігінің әр гектарынан – 81 центнерден астық жинаған.

Еңбектегі осы жетістігі үшін оған СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1949 жылғы 20 мамырдағы Жарлығымен оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1950 жылы Ленин орденімен марапатталған. 1951 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1966 жылы Қазақ КСР-і ауыл шаруашылығының үздігі белгісімен марапатталған.

Күріш өсірудің шебері кейінгі жылдары да бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін мол өнім өсіруге жұмсады. Көп жылғы өнімді еңбегі үшін 1966 жылы оған «Қазақ ССР-і ауыл шаруашылығының озаты» белгісі берілді.

Тағы да оқыңыз: