Қойнауы құтқа толы Қазалы ауданындағы Майдакөл ауылдық округіне қарасты Бекарыстан би ауылы береке мен табыстың бастауы саналады. Бұл Қазалы ауданындағы ең алғаш құрылған ауыл. Қанатының астынан Үрмәш Түктібаев, Майдакөл, Ажар, Жаңақұрылыс, Жалпақ сияқты іргелі бес ауылдың еншісін беріп, бөлек шығарған қасиетті қарашаңырақ. Көзкөргендер Бекарыстан би ауылын қарашаңырақ деп айтатыны да сондықтан.

Майдакөл ауылдық округі биыл бір ғасырлық ғұмырын атап өтпек. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы (күн-батыс беті) орналасқан «Ақжона» жерінің маңынан алты шаруашылық серіктестіктері – Шәуілдір, Қараарық, Ақжона, Палуан, Үлгі бол, Жаңа еңбек, оның ішінде: Ақжона қазіргі Бекарыстан би ауылы құрылған. Олар үш шаруашылық – Октябрь, Қараарық, Жаңатұрмыс артеліне, кейін екі колхозға – Октябрь, Жаңатұрмыс біріктірілген. Сонау қиын-қыстау кезеңде «Октябрь» колхозы 100-130 отбасынан құрылған елді мекен болды. 

Осылайша Октябрь колхозы, Карл Маркс атындағы күріш совхозы болған ауыл егемендікке қол жеткізген уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Бекарыстан би» ауылы болып қайта құрылды. 

Абдрахман Мәлік, Жаңабергенова Лиза, Ұзақ  Оралбаев, Дәуірхан Айдаров «Еңбек Қызыл Ту»,  Елеу Көшербаев «Ленин», Ешниязов Жетес «Халықтар Достығы» Жанкеев Қуанышбай, Ұзақ Оралбай, Нармағамбетов Сақыбай, Байзақ Жібекәлі, Дәуірхан Айдаров «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 

Бүгінде Бекарыстан би аулында 2865 адам тұрады. Ауыл қазынасының кірістері де жаман емес. Мәселен, жылдық жоспары 5617 мың теңге болса, нақты 7699,8 мың теңгенің түсімі түсіп, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту шаралары ұдайы назарда ұсталады. Бұл ретте аз қамтамасыз етілген 3 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленді. Округ бойынша 22 адам тұрақты жұмысқа, маусымдық жұмысқа 12 адам, 31 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 11 адам жастар тәжірибесіне, 1 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен, 11 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілді. 

Білім – шыңға жетелер шамшырағың                       

Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев атындағы №24 мектепте 488 оқушы білім алуда. Қасиетті білім ордасында 90 педагогикалық қызметкер бар. Оның ішінде педагог-зерттеуші - 12, педагог - сарапшы - 41, педагог - модератор - 10, І-санатты - 4, ІІ-санатты - 8 мұғалім жұмыс істейді.

2022-2023 оқу жылында 11 сыныпты 28 оқушы бітірді. 2 оқушы "Алтын белгі" иеленді. 28 оқушының 23-і ҰБТ-ге қатысып, 17 оқушы жоғары оқу орнына оқуға түсті. 11 оқушы арнаулы оқу орнына оқуға жолдама алды.

Жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес, 52 мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп, 7353 көрермен қамтылды. Жыл көлемінде ұлттық спорт түрлерінен, волейбол, футбол, түрлерінен жарыстар өткізілді.

Қуанышты жағдай, Қазалы аудандық Llf әуесқой футбол лигасында ауыл жастарынан құралған "Бекарыстан би" шағын футбол құрамасы 14 команда бақ сынаған додада екінші орында аяқтады. Мектеп ауласындағы ауыл азаматтарының демеушілігімен салынған спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қоршауы 2 метрге биіктетілді.

2024 жылға Бекарыстан би ауылынан спорт кешенінің құрылысын бастауға 50,0 миллион теңге бөлінді. Округ бойынша 135 жеке кәсіпкер тіркелген, оның ішінде 10 заңды тұлға, 24 шаруа қожалық, 101 жеке кәсіпкер бар. Жаңадан 47 кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелді.

Кәсіп берекенің бастауы

Былтыр жеке кәсіпкер Ертай Тоқболатов "Сыр Сұлтан" шағын маркетінің құрылысын салып пайдалануға берді. Сонымен қатар, Болатбек Айжігіт "Кілем және көлік жуу" орталығын салып, жұмысын бастады. Сонымен бірге,  мемлекеттік бағдарламалар арқылы құны 69,6 миллион теңге болатын 15 жоба қаржыландырылды. 

"Ауыл аманаты" жобасы арқылы 6 адам 27,6 миллион теңге; "Бизнестің жол картасы –2025" арқылы 2 адам  4,7 миллион теңге; Атамекен арқылы 1 адам 2,7 миллион теңге; «Сырдария-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 3 адам, 16,9 миллион теңге.

«Кең дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 1 адам, 15 миллион теңге; Грант (400 айлық есептік көрсеткіш) 2 адам, 2,7 миллион теңге.

Кәсіпкерлік саласындағы өткен жылдың басты жаңалығы – "Ауыл аманаты" жобасының жүзеге асып, 2,5 пайызбен халыққа несие беруді бастады. Бұл жобамен 6 тұрғын несие алып, кәсібін бастады.

Округ бойынша 2593 бас мүйізді ірі қара, 3513 бас жылқы, 74 бас түйе, 5055 бас уақ мал есепке алынды. Халық иелігіндегі барлық мал басы бірдейлендіріліп, компьютерлік базаға енгізілген. 

Егін шаруашылығында "РЗА Агро" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 750 гектар жерге күріш, 150 гектар жерге жаңа жоңышқа екті. 100 гектар көне жоңышқа күтімге алынған. Ауыл тұрғындары 60 гектар жерге бақша дақылдарын екті.

Инфрақұрылым игілігі – халыққа

Өткен жылы аудандық бюджеттен М.Күзембаев, М.Ізмағамбетова, Жетес Ешниязов көшелері толықтай, Ғ.Мұратбаев, Қ.Мәкенов көшелерінің қалған бөлігінің электр желілерін қайта жаңғырту мен жарықтандыру және 4 жаңадан трансформатор қондырғысын орнатуға жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізілді.

2024 жылға Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ құбырын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

Былтыр ауылға кіре-беріске ауылдың бас қақпасы жасалды. Аркамен ауылға дейінгі аралыққа түнгі жарықтандыру жұмысы жүргізілді. 

Көркейту-көгалдандыру және абаттандыру, санитарлық тазалық жіті назарда. Ауылдық округте санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 27 дана қоқыс жәшігіне жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылуда. Ағымдағы жылы 3 дана қоқыс жәшігі жаңадан алынды. Апта сайын жиналған қоқыстар тиісті орынға шығарылуда.

Округ көлеміндегі 15,7 гектар жерге егілген көлеңкелі ағаш күтімге алынған. Аяқ су арықтары тазартылды. Жаңақұрылыс ауылына шығар жол жиегіне 400 метр жерге жасыл белдеу орналастырылды. 

Тапсырмалар мен міндеттер

Ауылдағы №24 мектептің құрылысын салуға жұмыс жүргізу; Ауыл орталығындағы "Тәуелсіздік" алаңын абаттандырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу; Жетес Ешниязов, М.Күзембаев, Е.Тілеубаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу; Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мал тұқымын асылдандыруға, мал басын көбейтуге қол жеткізу; Егін шаруашылығын дамыту, оның ішінде бақша егуге тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды қолға алмақ. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Ауылдық округте салық салу базасын ұлғайту бағытында жұмыстар да алдағы уақытта ұйымдастырылады.

Тағы да оқыңыз: