Kyzylorda-news.kz.  Қазір талабы қатты мына заманда басыңды бұғып жата берсең астау-астау ас, асыл тастан соғылған тәж қайда? Тәңір берген ризықты тыраштанып таппасаңыз, таңдайыңыз құр тақылдауын тоқтатпайды. Қолыңда қуат барда ерінбей еңбек етсеңіз, ісіңіз зая кетпесі анық.

Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен кәсібін ашып, нәсібін тауып жүрген азаматтардың қатары көбейіп келеді. Соның бірі жеке кәсіпкер – Дәуірбек Жәбеков. Ол құрылысқа қажетті фибробетон, полифасад өнімін шығаруда. Бір сөзбен айтқанда өнідірілген өнім жаңадан салынған үйіңіздің сыртын қаптауға арналған заманауи құрал. Енді мұны құрылыс материалын өзге аймақтан тапсырыспен екі есе шығынданып алмай-ақ, өзіміздің жергілікті өнімді тұтынуға тамаша мүмкіндік десе де болады.

Әдетте ерлер жағы мұндай жаңашылдыққа қызығушылықпен қараймыз. Құрылысқа ебіміз болған соң кәсіпкердің ісін көрмекке тура тарттық. Шағын бөлмеде жабдықталған цехтың жұмысы тоқтаусыз жүріп тұр. Кәсіпкер былтыр бағдарлама шеңберінде 3 млн теңге алып, жыл аяғында жұмысын бастапты. Қажетті қаражатқа жеткенінше керек деген құралдарын алған. Қазір алғашқы өнімдері ойдағыдай сапалы шығуда.

Бұл жоба былтыр ойға келген. Өзім құрылысқа жақын болған соң бір іспен айналысқым келді. Көп ізденіп, осы фибробетон өнімін шығарамын деп шештім. Өйткені бұл құрылыс құралы қазір сұранысқа ие әрі көп уақытқа дейін сапасын жоғалтпайды. Осы кәсіпті толық меңгеру үшін Тараз қаласына барып, арнайы жасау технологиясын он күндей оқып, үйрендім. Өнімге қажетті шикізаттарды сырттан алдырамын. Мәселен, цементтің өзін таңдап аламыз, Жамбылдан тапсырыспен келеді. Оған қосылатын майда шебін тастар Жаңақорғанның өнімі. Қалғанын өзімізде барын пайдаланып жатырмын. Әзірге жұмыс жаман емес, көрген-білгендер келіп алғашқы тапсырысын беруде, – дейді кәсіпкер.

Жаңадан салынған үйіңіздің сыртын жылы материалмен қаптаймын немесе сәндеймін десеңіз осы шағын цехта өнділірген өнім нағыз сіз іздеген құрылыс құралы. Фибробетон, полифасад өнімі мұнда әртүрлі қалыпқа құйылып дайындалады. Жауын-шашынға төзімді, өз қалпын 30 жылға дейін сақтап тұра алады. Тапсырыс берсеңіз үйіңіздің көлеміне қарай Дәуірбек өзі өлшемін алып, кететін өнімнің есебін шығарады. Әрі бағасы да қолжетімді болмақ.

Қазір күн суық болған соң өнімдердің кебу процесі ұзақ жүруде. Ертең күн жылынса жұмысымыз күшеймек. Әзірге цехтің іші тарлау болып тұр. Қосымша жер кеңейтіп жатырмын, дайын болған өнімдерді жинайтын жер керек, – дейді ол.

Мұнда өнімнің әрбір шикізаты таразыға өлшеніп барып араласады. Артық не кем қосылған жағдайда еңбек зая кетеді. Ауданда мұндай шағын өндірістің қолға алынғанына бірінші болып біз қуандық. Себебі көпшілік құрылыс бастарда қажетті материалдың алыстан емес, жақыннан табылғанын қалайды. Нарықтың қымбат тұсы қай-қайсының болсын қалтасын оңай қағып жатқан жоқ. Ендеше Дәуірбектің дара кәсібінің өркендеуіне сеп болып, қолдау білдірсек болғаны.

Тағы да оқыңыз: