Kyzylorda-news.kz.  Көктем келіп күн жылынғаннан айналада құрылыс жұмысы қарқын жүретіні мәлім. Баспана тұрғызғандар үйін сәнді ету үшін құрылыс заттарының барынша заманауи үлгісін таңдайды. Ал үйінің кең көлемде жарық болуын қалағандар пластик терезе жасайтын маманға жүгінеді. Қармақшы ауданында тұрғындардың тапсырысын қабылдап, кәсібін дөңгелетіп отырған Айдос Әбдрахмановты танымайтындар кемде-кем. Оның қолынан құрастырылған пластик терезе өндірісі көпшіліктің баспанасы мен өзге де ғимараттарға өң беріп тұр.

Қазір «алма піс, аузыма түс» дейтін кездің ауылы алыстағалы көпшілік кәсіпке бет бұрып, өз бетінше күн көрістің қамын жасауда. Себебі мың құбылған қоғам жұмыссыз жатқанды көтермейді. Кейіпкеріміз жаны қалаған кәсібін 2012 жылы ауданда бастапты. Оған дейін өзге қалада қызмет істеп, тәжірибе жинаған. Елге келген соң өзі жинаған қаражатқа шағын цех ашады. 

– Жетістікке жетудің басты жолы – ол тәжірибе. Кәсіп бастаймын деп ниет еткендерге осыны айтқым келеді. 2008 жылы Алматы қаласына барып пластик терезе жасауды үйреніп, екі жыл жұмыс істедім. Одан кейін Қызылордаға келіп төрт жігіт бірге осы істі жалғастырдық. Мұнда да жұмысымыз жаман болған жоқ. Тапсырысты барынша уақытында орындап, көптің көңілінен шыға білдік. Осының бәрі үлкен қалада тәжірибе жинап, көріп білгеннің және кәсібімізді шын көңілмен қалап, жақсы көргеннің арқасы деп ойлаймын. Ауылға келген соң әрі қарай да кәсібімді жеке жүргізуіме ешқандай қиыншылық болған жоқ. Осында шағын цех ашып, жан-жақтан өз тұтынушыларымды таптым. Ауданға қарасты Тұрмағамбет, Қуаңдария, Көмекбаев ауылдарынан тапсырыстар жиі түседі. Қазір нағыз құрылыстың қызатын шағы ғой. Бұл уақытта біздің де жұмысымыз тоқтаусыз жүреді, – дейді Айдос Әбдрахманов.

Бүгінде кәсіпкер шағын цехын кеңейту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасымен үлкен көлемде жеңілдетілген несие алған. Қаражатқа қосымша автоматтандырылған станоктар алып, жұмысын жүйеге келтірген. Қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта үлкен ғимарат салсам деген жоспары бар.

– Пластик терезе жасау бойынша әдепкі кәсіп бастағанда кенттің арғы бетінде бір кісі, бергі бетте мен тұрғындарға бірге қызмет көрсеттік. Қазір осы өнерді меңгергендер баршылық. Жыл өткен сайын пластик терезенің түр-түрі шығып жатыр. Антрацит, қоңыр, күлгін, ақшыл түс қазіргі трендтегі түстер десем болады. Шикізаттың барлығын қаладан алдыртамын. Халық та жаңашылдықты қалап, ұнаған түріне тапсырыс беруде. Мәселен, бір үйдің 4-5 терезесі болса, соны бес күнде бітіріп береміз. Бұрын терезе жасатқан тұтынушыларым қазір қайтадан жаңа түске тапсырыс беруде, – дейді ол.

Кәсіп бастаймын деген ниеттілердің бүгінде саны күн санап артып келеді. Алайда «қаржым жетпейді, бизнесімді қалай бастаймын» дейтіндер де жоқ емес. Иә, түлкідей мың құбылған қымбатшылық заманда аяққа тұрып, шаруа жүргізу де оңай емес. Дей тұрғанмен мемлекет тарапынан қолдау білдіретін бағдарламалар демеу болуға әзір. Тек жоспарыңыз нық, мақсатыңыз айқын болсын.
 

Тағы да оқыңыз: