Kyzylorda-news.kzТәуелсіз мемлекетіміз жыл санап көптеген жетістікке жетіп, қарқынды даму үстінде. Соның арқасында халықтың әл-ауқаты едәуір жақсарған. Мемлекет тіршілік етемін деген жанға мол мүмкіндік беруде. Жаңа дәуірге қадам басқан ел тұрғындары қолдан келген кәсібінің игілігін көруде. Осыған орай, аудан көлемінде де өз ісін ашып, кәсібінің нәсібін көргендер саны артуда. Тақырыбымызға тұздық болғалы отырған шағын кәсіпкерлік нысанның бірі – Ақай ауылдық округіндегі тігін цехы.

Қолына ине-жіп алып, іс тігетін қазақ әйелі аз емес. Қастерлі өнердің әйел затының бойында болуы да сұлулық пен әдемілік әлеміне бастайды. Бала жастан қолөнерге қызығып, қызығушылықты кәсіпке айналдырған Айгүл Медетова – бүгінде жеке кәсіпкер. Оның тігін цехы 2018 жылдан бері жұмыс істеуде. Кәсіпке деген алғашқы қадамын «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы бастаған. Бүгінге дейін мемлекеттен екі рет қаржылай қолдау алып, кәсібін дөңгелетуде. Оның ісмерлігі, өзінің айтуы бойынша әжесі мен анасынан дарыған. Олар киіз басудың шебері болыпты. Еңбегінің берекесін тігіншілік өнерден тапқан Айгүл ісмерлігінің арқасында көптің алғысын алуда.

Айгүлдің әдемі әлемі нәзіктік пен ерекше сұлулыққа толы. Оның қолынан шыққан көрпеше, жастық, көрпелері өзгеше оюларымен көз тартады. Ал қазақы қамзол мен кішкентайларға арналған тұсаукесер жиынтығы қызықпасыңа қоймайды. Бөлме іші тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, дайын бұйымдар мен киімдер әдемі жинақталып, реттелген. Бұдан тігіншінің ұқыптылығы мен тиянақтылығы айқын аңғарылды. Өз ісінің маманы бір тігіншіні жұмыспен қамтып отыр.

Тапсырыс берушінің қандай болса да тапсырысын қабылдап, көңілінен шығардай етіп уақытылы дайындауға тырысамыз. Егер ол тұтынушы көңілінен шықса, еңбегіміздің ақталғаны деп біз де қуанамыз. Өз қолыңнан шыққан әрбір бұйым қастерлі, ыстық болады екен. Өйткені ол бар ынтамыз бен шынайы сүйіспеншілігімізден жасалады, – дейді кәсіп иесі. Расында да, өз жұмысыңды махаббатпен жасамасаң, нәтижесі көңіл көншітпейді емес пе? Ал біздің кейіпкер өнерін өмірімен өрбіте отырып, бар күш-жігерін салуда.

Сондай-ақ, шеберханада қолөнермен қатар, шалбардың балағын қысқарту, киімді тарылту, тапсырыспен киім тігу секілді қосымша қызметтер де көрсетіледі. Соңғы уақытта қыз жасауын ерекше үлгіде берушілер қатары көбеюде. Осы тұрғыда тігіншілерге артылар жауапкершілік те мол. Сол себепті олар әрдайым ізденіс үстінде жүретінін де жасырмады.

– Қазіргі дамыған заманда үйренем деушілерге мүмкіндік көп. Ғаламтор мен жүрген жерімізде ерекше үлгілер мен ою-өрнектерге көз қырын салып жүреміз. Өйткені халық жаңашыл үлгідегі ерекше дүниелерді ұнатады. Ал тұтынушы көңілінен шығу – біздің басты мақсатымыз, – дейді ісмер.

Тігін цехының жұмысына ақайлықтар дән риза. Ол тапсырыс берушілер қатары да көбейе түскенін тілге тиек етті. Нәпақасын адал еңбекпен табуды мақсат еткен кейіпкеріміз мемлекеттен қолдау алып, кәсіпкерлік жолын таңдауына сеп болған кәсіпкерлік палата мен бөлім жұмысына да алғысын жеткізді.

– Кәсіп ашуға мүмкіндік көп. Тек ниетің мен мақсатың айқын болса. Шағын және орта бизнесті дамытуда елде бірқатар бағдарлама мен жоба жүзеге асырылуда. Жеке кәсіп иесі болғанның тиімді тұстары көп. Өзім үш ұлдың анасымын. Ұлдарыма да жеке кәсіптің қолайлылығын айтып отырамын. Былтырғы жылы кіші ұлым «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша грантқа ие болды. Енді осы мекенде жүн түту цехын ашпақ ниетте. Баламның бұл бастамасын қолдаймын және жас буынға демеу болып, дамуына үлес қосқан мемлекетке алғысым шексіз. Ал өзім алдағы уақытта цех ауқымын кеңейтіп, үлкен көлемде ашқым келеді. Әрине, бұл уақыттың еншісінде, – дейді А.Медетова.

Тігіншіліктің тілін түсінген шебердің бұл бастамасы қолдауға тұрарлық. «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» демекші, икемі бар істі игеріп әкету де көпке үлгі, әрі өнеге. Сүйікті ісіңізді кәсіп көзіне айналдырып, табысты болу өз қолыңызда.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: