Фото: egemen.kz

Kyzylorda-news.kz Осы біз уақытты босқа өткізіп жүрген жоқпыз ба? Дайынға жүгіреміз деп қаражат үнемдеуден алыстап кетпедік пе? Қайбір істің алдымен берекесін тілейтін үлкеннен кейінгі буын қандай өнеге алып жүр? Ал жастарымыз берекені қалай түсінеді? Ол жайындағы әңгімені Жосалы кентінің тұрғыны Анафия Ниязбаев пен Марияш Шахантайқызының отбасында өрбітеміз.

Кейіпкеріміз Марияш Алипова қарапайым жан. Арнаулы педагогикалық білімі бар әпкеміз Диірментөбеде мектепте мұғалім, балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткен. Бірнеше жыл бұрын отбасымен Жосалы кентіне көшіп келеді. Малдың жайы мен күтіміне қолайлы болған соң отағасы «Мөлтек» ықшам ауданынан үй көтеріп, бүгінде осында тұрып жатқан жайы бар.

Әңгіме басында жанұяның берекесі туралы сөз қозғаған едік. «Ер азамат Отанның қорғаны болса, әйел – отбасының ұйытқысы әрі берекесін келтіруші» дейді бесаспап ана. Атап айтарлығы М.Шахантайқызы қоныс ауыстырғалы бері жұмыс іздеп, шарқ ұрмапты. Ауылда тұрған кезінде жұмыспен бірге күніне екі мезгіл сегіз сиыр сауып, қосымша нәпақасын тапқан. Оның тазалығы мен адал еңбегін бағалағандар «Марияштың фирмасы» деп әзіл-шыны аралас ат қойған-ды. Өнім демекші, оның қолынан шыққан құрт-ірімшік пен айран-қатық, сары майға деген сұраныс қай кезде де жоғары. Екі сиырды үлгіртіп, тұрақты тапсырыс берушінің өтінішін қанағаттандыруға барын салады. Ол үшін заттың көлемі емес, сапасы басты назарда. Қайбір өнімін де баптай білетін шебердің алдымен тазалықты сүйетінін ауылдастары жарыса айтады.

– Бейнеттенсең, қарасаң малдың берері көп. Соның арқасында азын-аулақ нәпақа тауып отырмын. Қанағат етемін. Жақсы көретін іспен айналысу – адамға рахат сыйлайды. Күнделікті үй шаруасынан бөлек екі сиырымды айналдырамын. Ірімшік, құрт жасаймын. Айран, қатық, сары май аламын. Еңбектенбесең оны маған кім береді. Бала-шағамызбен еркін ішіп-жейміз, ауысқанын сатамын. Отағасы малдың жем-шөбімен қамтамасыз етеді, – дейді ол.

Көпшіліктен еститініміз, ағарған да­йындауда әркімнің өз тәсілі болады. Біз де ерінбей дастарқанымызды ұлттық мәзірмен толтыруға үлесін қосып жүрген жаннан өз әдісін сұрадық.

– Оның ешбір құпиясы жоқ. Піскен сүтті ұйытып, сағатқа қарап отырамын. Бес жарым сағатта сүт ұйып, қатыққа айналады. Одан ұзақ ұстасаң быршып, қатығың ашып кетеді. Мұндай қатықты сүйсініп ішу мүмкін емес. Әрі қарай қатықты күбіге құйып, айран етеміз. Бабына келген соң айран бетінен сары майды қалқып алып, жеті, сегіз мәрте салқын сумен жуамыз. Аздап тұз салып, тағы да бір мәрте тұзын кетіріп жуамыз. Тазарған майды сорпа кесеге салып, мұздатқышта қоямыз. Артық айтқаным емес, менің өнімдерімді бір алған адам кейін де үзбей тапсырыс беріп тұрады. Кейде оларға жеткізе алмайтын кезім болады. Сол себептен мал басын келешекте көбейтетін шығармыз, – дейді отанасы.

Марияштың айтуынша, құрттың түсі ақ болуы тиіс. Айран іріп, майы дұрыс алынса – құрт аппақ болмақ.

– Дүкендерді әдейі аралап көре­мін. Сонда сары құрттарды кездестіремін. Түсінің олай болатыны – айранның дұрыс ірімеуі мен майының таза алынбауынан. Сондай-ақ айранды отқа қойғанда ештеңеге алаңдамай, қазанның қасында қарап тұру қажет. Сәл ғана қателік құрттың технологиясын бұзады. Ірімшік қайнатқанда да солай. Іріген айранды қалтаға құйған соң бірден сығып, құрт жасауға кірісемін. Тұзды аз қосамын. Өйткені қазір адамдар тұзды аз қолданады. Тұз мөлшерінің көп болуы денсаулыққа зиян. Онсыз да өңірде тұздың әсерінен болатын жүрек-қан тамыры ауры өршіп тұр, – дейді М.Шахантайқызы.

Кейде дүкен, базарда «кішкене бөбектің» көлемінен де кішкене келетін құртты 60 теңгеге сатып тұрғанын байқаймыз. «Апыр-ай, неге сонша қымбат» деген ой келеді сондайда. Екінің бірінің келілеп алуға шамасы келмейтінін білетін дүкен иесі осындай қадамға барды ма дейсіз? Бір жағынан сатып алып, сатқан бағаның шығандап тұратынына көнеміз де. Үндеместен керегімізді алып, жөнімізге кете барамыз. «Бұл ұят дүние» дейді Марияш Алипова. Мұндайда ең дұрысы – өзің мал ұстап, тірлігіңді үлгірту. Себебі әр азаматтың тапқан табысын ысырап етпей, ұқсата білу – әйелдің жұмысы. Биязы мінезі һәм берекелі қолымен айналасын алғыспен қоршаған ананың қазіргі тіршілігі осылай жайнап тұр.

Тағы да оқыңыз: