Kyzylorda-news.kz Қала іргесінде қоныс тепкен Қарауылтөбе ауылдық округі талай шеберді шыңдаған мекен. Ынтымағы жарасқан ауыл халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық өнерін берік ұстанған. Ата дәстүрді жалғастырушы ұлттық өнерді ұлықтаушы тұрғынның бірі – Мөлдір Түлебаев.
Қазақы тәрбиені бойына сіңірген кейіпкеріміз қолөнерге бала кезден жақын болған екен. Себебі анасы тігіншілікпен айналысып, бала Мөлдірді шеберлікке шыңдаған. Соның жемісі болар бүгінде кейіпкеріміз Қарауылтөбе ауылындағы сұранысқа ие қолөнершінің бірі.
– Бала кезден тігінге қызықтым. Ол кезде қуыршаққа киім тігетін едім. Негізі ісмерлік қасиет анамнан дарыған. Үлкен апам тұрмысқа шыққанда анам оның жасауын өзі тікті. Сол кезде қасында қарап отыратынмын. Көрпе көктеуді де анамнан үйрендім. Сөйтіп, карантин кезінде тігін тігуді қайта қолға алдым. Содан бері төрт жылға жуық уақыт болды. Бүгінде өз тұтынушыларым бар. Қаладан да, ауылдан да, әлеуметтік желідегі па-рақшам арқылы да тапсырыс беріп жатады. Қыз жасауын, бесік жабдығын тігемін, – дейді қолөнер иесі бізбен әңгімесінде.
Қазіргі таңда Мөлдір Түлебаева бүгінде отбасымен жұмысты және жеке кәсібін қатар алып жүрген жан. Оған қоса төрт баланың анасы. Ауылдағы балабақшада жұмыс істейді. Осындай жауапты қызметтеріне қарамастан жеке кәсіпті де дөңгелетіп, бос уақытын текке өткізбей нәпақасын тауып жүрген жайы бар. Үй ішінен тігіншілікке арнайы бөлмесі бар. Онда қазақы нақышта тігілген көрпешелер, жастықтар, төсек жапқыштарды орналастырған. Одан бөлек тұтынушылардың тапсырыстары бар.
Басынан орамалы түспеген кейіпкеріміздің қолөнер шебері екенін түр-тұрпатынан да аңғару қиын емес. Үнемі қазақы, ұлттық нақышта киінетін Мөлдір тек кәсіп жүргізіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды да осылай дәріптеп келеді.
А.Әлім