Kyzylorda-news.kz Жаңақорғанда шағын және орта бизнестің өрісін кеңейтуге үлес қосып келе жатқан қыз-келіншектер қатары аз емес. Аудандағы кәсіпкерлік нысандардың тең жартысын нәзік-жандар басқарып отыр десек жаңылмаймыз. Солардың қатарында «Ай-Көркем» сұлулық салонының негізін қалаушы Қаракөз Төлегенованың есімі көпке танымал.

Бала күнінен сұлулық әлеміне ынтызар жан талант пен талғамы ұштасқан кәсіптің иесі. Оның «Ай-көркем» сұлулық салоны қыз-келіншектер жиі баратын заманауи орталыққа айналған. Салонда жұмыс істейтін 10-ға жуық шебердің әрқайсысы өз ісінің мамандары. Сұраныс та жоғары. Күн сайын келушілер легі толастамайды. Бұл – сапалы қызмет пен жылы қарым-қатынастың жемісі. Сұлулық индустриясы – тоқтамай дамитын, жаңалыққа толы сала. Осыны жақсы түсінген Қаракөз әрдайым біліктілігін жетілдіріп, жаңашылдықты меңгеруге ұмтылады. Түрлі семинарлар, тренингтер, оқыту курстарына қатысып, өз орталығын заманауи бағытқа бейімдеп келеді. Шаштаразға қажетті құрал-жабдықтардың ұсақ-түйегіне дейін үйлесімділікпен орналасқан сән орталығы шаш қию, сәндеу, жуу мен кептіру және түрлі үлгіде шашты бояумен қоса, маникюр, педикюр қызметін көрсетеді.

– Мамандардың бәрі өз ісінің шебері. Тәжірибелері мол. Клиенттерді өз уақытысында қабылдап, көңілінен шығу біз үшін бірінші орында тұрады. Жұмысыңды шын ниетіңмен атқарғанда ғана кәсібің берекелі болады. Бастысы, санға емес, сапаға жұмыс істеуге дағдыландық. Әрине, қызмет құны косметиканың сапасына байланысты. Арзан бояулар бет терісін зақымдаса, оны қалпына келтіру қиынға түседі. Сондықтан мен мамандарыма әрдайым сапалы өніммен сапалы қызмет көрсетуді айтып отырамын, – дейді.

Қаракөздің шаш қию, сәндеу, күтім жасау, бет әрлеу, визаж бағытында тәжірибесі бай. Алдына келген айнамкөздердің көркіне көрік қосуға күш салады. Бұл бағытта кәсіп құпиясы – өз алдына бөлек қолтаңба. Қаракөздің табысты болуына әсер еткен ең басты фактор – оның адал еңбегі мен адамдарға деген ізгі ниеті. Салонға келген әрбір жанның қалауын түсініп, көңілінен шығатын қызмет көрсету – оның басты қағидасы.

– Әркім өзін әдемі сезінгісі келеді. Бұл – адам табиғатына тән ең қарапайым, бірақ ең терең қажеттіліктің бірі. Сұлулық дегеніміз тек бояумен безенген бет-әлпет немесе сәнді киім емес, ол – адамның жүрегіндегі мөлдірлік, жанарындағы мейірім, өмірге деген әр іс-әрекетіндегі үйлесім, – дейді Қаракөз бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, шынайы сұлулық адамның өзіне деген сенімінен басталады. Адам айнаға қарағанда келбетіне сүйсініп, көңілі көтерілсе, жандүниесі жадырайды. Кейде бір жеңіл өзгеріс адамның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп жібереді. Өзге емес, ең алдымен өзін жақсы көріп, өзін құрметтейтін жан ғана шын мәнінде жарқырай алады. Әсіресе нәзікжандылар өзін табуға, өз қадірін сезінуге ынтық келеді. Сондықтан ол әр адамның ерекшелігін көріп, табиғи сұлулығын айшықтауды басты мақсат санайды. «Сұлулық – адамның ішкі әлемінің айнасы. Іші тыныш, жаны таза, ойы түзу адамның келбеті де өзгеше. Ал біз сол үйлесімді ашуға көмектесеміз», – дейді ол.

Қаракөз Төлегенова – тек кәсіпкер емес, талай жасқа үлгі болар жан. Табандылығы, батылдығы, ізденісі – кәсіп бастаймын деген қыздарға шабыт береді. Әлбетте, нәзік жаратылыстың сұлулыққа жаны құмар болатыны жасырын емес. Қиындығы мен қызығы қатар шаштараз маманына сұраныс артпаса кемімейді. Елге қызмет етіп, ел әлеуетімен бірге өсіп-өркендейді. Бүгінгідей талап пен талғампаздық артқан заманда оған қажеттілік те артады. Осыны ұққан кейіпкеріміз соңғы үлгідегі шаш қию мен сәндеу әдістерін меңгеруден жаңылмайды.

– Тұтынушылардың талғамы жоғарылап келеді. Олардың талабына сай қызмет көрсету менің басты ұстанымым. Талғам жоғарылаған сайын сұраныс та арта түседі. Мен үшін ең бастысы тұрақты клиент. Сондықтанда әрбір келушіге өз талғамына сай қызмет түрін ұсынамын. Адамның шынайы сұлулығы – оның жан дүниесімен үндескен кезде ғана толық көрінеді. «Әдемілік сезімін сыйлау – біреудің өміріне жарық қосу. Сол үшін біз өз мамандығымызды жүрекпен атқарамыз», – деп аяқтады ол сөзін.

Иә, Қаракөз секілді кәсіпкерлердің арқасында аудан тұрғындары сапалы қызметке қол жеткізіп, жергілікті бизнестің өрісі кеңеюде. «Кәсібің – нәсібің» дегендей, қол қусырып қарап отыруды білмейтін, жұбайының көңілін тауып, ұл-қыздарына уақыт бөліп, қызметіне де үлгеріп жүрген Қаракөз өзін әрдайым бақытты сезінеді. Еңбекпен тапқан нан тәтті. Бір қуантарлығы, отағасы өмірлік серігінің кәсібіне құрметпен қарайды. Үлгілі еңбегімен талай қыз- келіншекке өнеге болып жүрген Қаракөздің жұмысына сәттілік, зор табыс тілейміз.

Әсел РЗАЕВА

Фото: автордікі

Тағы да оқыңыз: