Kyzylorda-news.kz  Жеке кәсіпкер Алтынбек Жұмаділов Шиелі ауданына қарасты Майлытоғай ауылында 2021 жылдан бастап Омарта (ара) шаруашылығымен айналысып келеді. Кәсіпкер өз ісін алғашында 555 000 теңге көлемінде грант қаражатын жеңіп алып бастаған. Жобаның бастамасы сәтті болып, бал өнімдеріне деген сұраныс арта түскен.

«Кәсіпкерлік жолымды небәрі 10 ара жәшігімен (ұямен) бастадым. Өзім — 3-топ мүгедегімін, әрі көп балалы әкемін. Отбасымды қамтамасыз ету және ауылдағы баламасы аз кәсіпті дамыту мақсатында осы бағытты таңдадым.», - дейді кәсіпкер.

Кәсібін одан әрі дамыту мақсатында 2023 жылы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының «Іскер» бағдарламасы арқылы 4 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өндіріс көлемін ұлғайтқан. Бұл қаражатқа қосымша 70 ара жәшіктерін, бал тарту құрылғысы мен басқа да қажетті құралдарын сатып алған.

Қазіргі таңда кәсіпкердің ара ұялары Шиелі кенті мен Майлытоғай ауылындағы полигондарға орналастырылған.

Бүгінде кәсіпкердің омартасы аймақтағы табысты шағын бизнестердің бірі. Ара шаруашылығынан алынатын өнім – табиғи балдың түрлері, прополис, балауыз және тозаң (пыльца) секілді басқа да ара өнімдеріне сұраныс жоғары. Тапсырыс тек Шиелі ауданынан ғана емес, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен көршілес аудандардан да жиі түседі. Сонымен қатар жергілікті сауда дүкендері мен базарлар арқылы да сатылуда. Жылына 2000 келі жуық өнім жинайды.

«Мемлекет тарапынан және жергілікті ұйымдардан көрсетілген қолдауды жоғары бағалаймын. Біз сияқты шағын кәсіпкерлерге нақты көмек көрсетіп отырған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына алғысымды білдіремін. Бұл орталық ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлерге тиімді шарттармен несие ұсынып, олардың аяқтан тұруына үлкен мүмкіндік жасап отыр», - дейді кәсіпкер Алтынбек Амангелдіұлы.

Фото: «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: