Kyzylorda-news.kz Кәсіпті жүйелі жүргізсең ісің алға басады. Тынымсыз еңбектің қай кезде де жемісін беретіні белгілі. Қала тұрғыны Абзал Ерназаровта еңбек пен қажырлы қайратын біріктіре білген кәсіпкер.

   Ол алғашында мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиеге жүк көлігін сатып алған. Кейбір азаматтар сынды тек несиенің аз пайызына қызықаннан емес, шын кәсіп қыламын деген мақсаты оны алдыға жетеледі. Бүгінде ол өдірістік кәсіпті дамытып, құрылыс материалдарын өндіруді қолға алған. Кәсіпкер 2020 жылы «Orda Best Stroy» ЖШС құрып, құрылыс материалдарын өндіру үшін индустриялды аймақтан жер телімін алады.

– Кәсібімізді жаңа бағытта бастамас бұрын нарықты толықтай зерттедік. Бізде бар негізгі шикізат көзіне байланысты жобаны іске қосуды жоспарладық. Шиелідегі құм мен цементтің сынамалары жоғары сапалы кафель желімін өндіруге мүмкіндік беретінін басшылыққа алып, кәсіпті осы бағытта дамытқымыз келді, – дейді кәсіпкер Абзал Ерназаров.

Осылайша, кәсіптің көзін тапқан отбасы 2021 жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы кезекті рет жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бұл жолы құрғақ қоспа өндіру цехының құрылысын салуды көздеген олар алынған 10 миллион теңгеге цехтың құрылысын салып, өндірісті іске қосқан.

– «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан алғаш жүк көлігі үшін несиені 10,5 пайызбен алған едік. Бұл жолы цех құрылысына 6 пайыз үстемемен берді. Өзге қаржы ұйымдарына қарағанда несие алу процесі жеңілдеу. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, ауылдық елді мекендерде кепіл мүлікке қатысты мәселе бар. Қаржы ұйымдары ала бермейді. Ал өңірлік орталық бұл жағынан келгенде үлкен қолдау көрсетіп отыр, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер өндірісте күніге 700 қапқа дейін құрғақ қоспа дайындайды. Бұл көрсеткіш алғашқы уақытта 150-200 қап шығарған.

– Нарыққа біз ұсынып жатқан өнім сапасы жағынан танымал кафель желімдерімен кем түспейді. Арнайы зертханаларға жіберіп қортындылары алынды. Соңғы жылдары Қызылорда облысы көлемінде құрылыс нысандарының көптеп бой көтеруі біздің өнімдерімізге жоғары сұраныс туғызып отыр. Қазір Шиелі ауданы мен Қызылордадағы құрылыс дүкендерінде сатылымға шығарылуда, – дейді Абзал Ерназаров.

Кәсібі дамыған сайын өндіріс аясы да кеңейетіні анық. Қазіргі таңда өндірісте сегіз адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 
сондай-ақ жұмыс ауқымы да кеңейген. Құрылыс материалдарына байланысты өнім түрлерін көбейтіп, газоблок, темір бетон өнімдерін шығару кәсіпкердің бүгінгі таңда алға қойған басты мақсаты.

– Біздің өңірде кәсіппен айналысуға жақсы жағдай жасалған. Әр отбасының өз кәсібі болуы керек деп ойлаймын. Кәсіппен айналысу, оның жаңа түрлерін ашу мен үшін еркіндік, сондай-ақ өзіңе үлкен міндеттеме, жауапкершілік алу дегенді білдіреді. Тәуелсіз қаржы көзін қалыптастырасың, жаңа жұмыс орындарын құрасың. Өзіңе ғана емес, қоғамға да пайдаңды тигізесің, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: