Kyzylorda-news.kz.   Бүгінде облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 49,2 проценті Қызылорда қаласының үлесінде. Нақтыласақ, Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде барлығы 32 064 кәсіпкерлік субъекті жұмыс жасауда. Бұл кәсіпкерлік субъектілерде 68 047 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Қазір мемлекеттің экономикасын алға қарай дамытып отырған саланың бірі кәсіпкерлік екені жасырын емес. Себебі қандай да бір адам өз ісін ашып, кәсіпкер атанып жатса ол біріншіден, мемлекетке салық төлейді, екіншіден, бірнеше адамды жұмыспен қамтиды. Бұл дегенің тағы бір қырынан қарағанда жұмыссыздық мәселесін азайтудың ең тиімді жолы десе де болғандай.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында да кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың өзінде қала бойынша 24,45 миллиард. теңгені құрайтын 1 415 жоба қаржылай қолдау тапты, - дейді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Серікұлы.

Өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі бойынша қаланың Қызылорда облысындағы үлесі 62,1процентті құрайды. Өткен жылы осы салада 636,3 миллиард. теңгенің өнімі өндіріліп, құны 1.9 миллиард. теңгені құрайтын 4 жаңа жоба жүзеге асты, соның нәтижесінде 130 жаңа жұмыс орны ашылды. 

Ал, сауда саласының бағыты бойынша, қалада 2791 сауда объектілері жұмыс жүргізуде. Оның ішінде, әр түрлі бағыттағы өткізілетін тауарлар бойынша 11 базар, 110 сауда үйі, 2669 дүкен жұмыс жасайды. 

Сауда базарларын жаңғырту мен заманауи форматқа көшіру бағытында қала орталығында орналасқан «Сыбаға», «Сұлтан», «Асбол» базарлары басшылары және қала әкімдігі арасында жол картасы әзірленді. Соның негізінде өткен жылы «Сұлтан» базарының ашық азық-түлік сататын аумағы 1064,7 шаршы метр жерге брусчатка төселіп, жоғарғы бөлігіндегі ескі жабындылар алынды. Сондай-ақ, 1802 шаршы метрді құрайтын аумағы металлочерепица жабындысымен қапталды. «Сұлтан» базарына жапсарлас орналасқан «Саяжай» әлеуметтік сауда қатары толық жөндеуден өткізіліп, жалпы көлемі 182,1 шаршы метрді құрайтын жоғарғы аумағына профнастильмен қапталып, суағарлар жаңартылды.

Шағын және орта кәсіпкерлік – елдегі жұмыссыздықты азайтудың, саланың елді мекендерде кең қанат жаюының, жеке тұлғалардың күнкөріс деңгейін арттырып, табысын молайтудың бірден-бір жолы. Мұнымен қоса, дамушы мемлекет үшін кәсіпкерлікті өрістету өркениетті елдермен иық тіресуге де мүмкіндік беретін сала. Сол себепті қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласына көмек те, қолдау да аз емес. Біз сөз еткен 2,5 пайыздық несие – көп қолдаудың бірі ғана.

 

Тағы да оқыңыз: