Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданында арнайы сала мамандарының қатысуымен кәсіпкерлікті қодау мақсатында арнайы басқосу өтіп, осы тұрғыда бірқатар ақпараттар берілді. Жалпы Жаңақорғанда шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау тетіктерінің саны артпаса кеміген емес. Мамандар жеңілдетілген пайыздық несие, қайтарымсыз қаржы және субсидия биыл да жалғасын табады дейді. Елдегі төтенше жағдайға байланысты сәл кешеуілдеген бағдарламалар араға көп уақыт салмай қайта жанданбақ.
Мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруда облыс бойынша Жаңақорған ауданы алдыңғы қатарда. Яғни несие алу мен грантқа ие болуда аймақта көш бастап тұрмыз. Әрине қуанатын жағдай, бірақ келелі іске көлеңке түсіріп тұрған кемшіліктер де жоқ емес. Аз пайызбен несие және грант алғандар қатарында мақсатсыз қаржы жұмсағандар анықталып, сотпен өндірілуге шешім шыққан деректер де бар. Мұндай жағдайларды аймақ басшысы да тікелей назарында ұстап келеді.
Басқосуда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы және өңірлік кеңес мүшелері аудандағы бизнес өкілдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұсыныстарын тыңдады. Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұрдиновтің қатысуымен өткен жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов модераторлық етті.
Жиынға қатысушылар алдымен жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шыққан бұйымдарынан жасақталған көрмені тамшалады. Онда тігін және қолдан тоқылған тұрмыстық бұйымдардан бөлек бисер және сәндік әшекейлер мен қолдан пісірілген дәмге толы дастархан мәзірі, құрылысқа қажетті жабдықтардан құралған бұйым өзіндік сән-салтанатымен көз тартты. Басқосуда сөз алған Бектас Балғабайұлы жиынның мән-мақсатын түсіндірді. Өз кезегінде палата директоры аймақта кәсіпкерлік саласында нәтижелі жұмыс бар екенін атап өтті.
– Сыр өңірі соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында жақсы нәтиже көрсетуде. Отандық өнім өндіруде бәсіміз артып, шағын кәсіптің шырайы кіріп келеді. Бұл нәтижеге қол жеткізуде мемлекеттен көрсетілетін қолдауды тиімді ұйымдастырып отырған кәсіпкерлер палатасын іске ынталы азаматтардың ортақ шаңырағы деуге болады. Кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнатып, консультативті кеңес, бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Бүгінде өңірлік кеңестің құрамында жиырмаға жуық маман бар. Қолымызға келіп түскен жобаларды жан-жақты сараптап, болашағы бар бизнестің түріне барынша қолдау көрсетеміз. Екіншіден, олардың құқығын қорғауға мүдделіміз. Сайып келгенде, жергілікті өнім көлемін көбейтіп, экспортқа кең жол ашуға тиіспіз, – дейді палата директоры.
Ол одан әрі экспортқа жол тартқан бренд тауарлар жөнінде тоқталды. Осы орайда Жаңақорғанда өндіріліп өңіріміздің дүкендері сөрелеріне жайғасқан кір сабын, әжетхана қағазы, гипс өнімдеріне жоғары бағасын берді. Аграрлы саланың ауқымы кең, мал өнімдері мен егіндік дақылдардың шет ел асып жатқанына қуанамыз. Енді үлкен сұранысты ұлғайту мақсатында шағын кәсіпті кеңейту аса маңызды. Бұл іске демеу болатын бағдарламалар жөнінде «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айзат Ізтілеуова баяндады. Бұл бағытта негізінен онлайн платформасы аса маңызды, яғни онлайн дүкендерде электронды сауда қызып тұр. Түрлі мекемелер, тіпті брендтегі компаниялар тауарларын пошта қызметі арқылы алуға толық мүмкіндік бар. Тасымалдау құны да қолжетімді.
– Онлайн сауда тек өңіраралық қана емес, әлемдік нарықта да ыңғайлы екенін көрсетті. Осыған орай Астана қаласында үлкен логистикалық хаб ашылды. Бұл бастамасы, тағы үш-төрт аймақтан ашу жоспарда бар. Біздің тарапымыздан саудагерлерге де, тұтынушыларға да тиімді бағдарламалар, жаңа жобалар енгізілуде. Соның бірі – маркетплейс қосымшасы. Бұл арқылы сатушы да, сатып алушы да қосымша қаражат жұмсап шығындалмайды. Түйіндей айтқанда, электронды саудаға қазір алтын көпір дерліктей деңгейде қызмет жасап отырмыз, – деген «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айзат Өмірзаққызының айтуынша, тұтынушыға тауар ұнамай қалған жағдайда кері қайтару қызметін үйлестіруді де мекеме өз жауапкершілігіне алып отыр екен.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бөлімінің бас маманы Алуа Есіркеп әлеуметтік кәсіпкерлік санаттар бойынша түсінік берді. Бұл тақырыпта әлеуметтік деңгейге көбірек мән беріледі. «Әлеуметтік кәсіпкерлік санат төрт топқа бөлінеді. Бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау білдіруге бағытталған. Осал топтарға жататын тұлғаларды жұмыспен қамту, олар өндіретін өнімге қолдау көрсету, демеу болу, олардың жеке бастарына жәрдемші болу және психикалық-педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталған. Осы санаттар ішінде алғашқысы сәл жеңілірек. Өйткені жарымжан жандар, көпбалалы аналар, тұрғылықты жері жоқ немесе пробациядағы азаматтарды жұмысқа орналастыру өзге санаттарға қарағанда жылдам жүзеге асады. Қалай дегенде де кәсіпкер төрт санаттың біреуі бойынша өтінім білдіруі керек. Егер комис¬сия мақұлдаса онда кәсіпкер қажетті қолдауын ала алады» дейді жауапты маман. Иә, бұл кәсіп бастауға ынталылар үшін табыс көзі, қарапайым халық үшін жұмыссыздықты шешудің тетігі болмақ.
«Ауыл аманаты» кімдерге тиімді?
Келесі кезекте ауылшаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Гүлмира Исабергенова «Ауыл аманаты» жобасы аясында ақпаратқа қанықтырды. Қазіргі кәсіп бастаушылар мен шағын ісін ілгерілетушілерге бұл бағдарламаның берері көп. Аталмыш бағдарлама арқылы қызылордалықтар былтыр 3 млрд теңгеге қол жеткізіп, 700-ден аса жұмыс орны ашылған. Берілген рұқсат бойынша 406 жоба қаржыландырылыпты. Оның ішінде басым бөлігі мал шаруашылығына бағытталған. 216 жоба агроөнім өңдеу, егіншілік, ауылшаруашылығы техникасын алу және мал шаруашылығына бағытталған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтер жал¬пы 716 млн теңге несиеге ие болған екен. 51 өндірістік кооператив құрылып, соның 31-і ғана төмендетілген пайыздық несие алыпты. Ал, биылғы меже қандай?
– Биыл Сыр өңіріне 4 млрд 596 млн несие беру көзделіп отыр. Бұл қаржыға 575 жоба мақұлданады. Оның ішінде ауылдарға басымдық беріледі. Былтыр 106 жоба елді мекен кәсіпкерлерне берілсе, биыл олардың саны 146-ға жетті. 600-ден аса жұмыс орны құрылып, шағын кәсіпкерлікке үлкен қолдау болады деген үміттеміз, – деді Гүлмира Рахымжанқызы.
Жауапты маман аудандардағы мәліметті салыстырып берді. Биыл қорғалатын жобалардың көбі Жаңақорған мен Шиелі ауданына тиесілі екен. Қос ауданға бөлінгелі тұрған қаржы көлемі 1,5 млрд теңгеге жуық. Жобаның саны 200-ден асады. Осы орайда аудандағы жауапты өкілдер, сала мамандары қорғалуға ұсынылатын 305 жобаның құжаты дайын екенін айтты. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы өте тиімді жоба. Жобаға байланысты аймақ басшысы да қатаң талабын қойған болатын. Әсіресе, мал басын көбейтуге байланысты қатаң тексеруді талап етті. Оның себебі де жоқ емес, несие болсын, қайтарымсыз қаржы болсын мал басын көбейтуге берілген ақша өзге мақсатқа бұрылып кетпеуі керек. Ауданға берілетін 100 жобаның тең жартысынан көбі мал бағытына ойысуы мүмкін. Аграрлы салаға бет бұрсақ ұтылмаймыз.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары мен байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова салық жүйесі бойынша ережелерге тоқталды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ бағдарламаларды жылжыту бойынша бас менеджері Салтанат Абдуллаева «Бірыңғай кешенді бағдарлама» бағытында субсидия, шағын несие мен әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау туралы жан-жақты түсіндірді.
Аграрлы сала қолдау күтеді
«Аграрлық несие копорациясы» АҚ Қызылорда филиалының несиелендіру бөлімінің бас маманы Айбек Дүйсенов өнімдік бағдарламаларға тоқталды. Өнімдік бағдарламалар ішінде 4 бағыт қарастырылған. «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және «Жастарды микроқаржыландыру».
– «Кең дала» қолдау қоры көктемгі дала жұмысы мен егін жинау науқанына арналған. «Агробизнес» жобасы аграрлы саланың барлық бағытына, атап айтқанда құрал-жабдық сатып алуға, айналым қаражатын толтыру мен құрылыс монтаждауға беріледі. «Іскер» қаржылай қоры Еңбек және жұмыспен қамту бағдарламасының 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы аясында өнім өндіруге қолдау білдіреді. Жастарды қаржыландыру бағытына 21-мен 34 жас аралығындағы барлық кәсіп иелері тартылады, тек бағыты айқын, құжаты түгел болуы керек, – деді Айбек Малкайдарұлы.
Бұл бағдарлама ауылшаруашылығы саласына арналған барлық кәсіп түрлерін қамтиды. Бұл бағытта жаңақорғандықтардың талапты бастамалары көңіл қуантады. Жиын соңында аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобының инспекторы Бақтияр Нұрманов қысқаша түсіндірме жасады.
Кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттің қолдауы осылай көрініс тапты. Басты міндеті – отандық өнімнің көлемін арттырып, әлеуметтік мәселенің оң шешілуін толық қанағаттандырып, жұмыссыздықты азайту. Кәсіп бастауға ынталы және мемлекеттік бағдарламаны жіті меңгергісі келетін тұлғалар «Атамекен» ұлттық кәсіпкер¬лер палатасы директоры Асылжан Жолдасбаевқа жолығуына болады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ