Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы прокурорының бастамасымен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар өкілдерінің кәсіпкерлермен бірлескен кездесу өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықов, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов және арнайы іссапармен келген Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері қатысты.
Кездесуде аудан прокуроры кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, заңдылықты сақтау және бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Одан кейін түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова жеке балабақшаларға қатысты салық заңдылықтарын, мүлік салығын есептеу, кәсіпкерлік мақсатқа ауыстыру, қайта бағалау жұмыстары және бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне көшу мәселелерін түсіндірді.
Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Гүлжамал Шортанбаева жергілікті бюджетті толықтыру мақсатындағы мүлік және көлік салығының есептелуі, ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер мен шаруа қожалықтарына қатысты салық заңнамасындағы өзгерістер туралы баяндады. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Мария Ысқақова бақылау-касса машиналарын тіркеу, чек беру тәртібі, салық есептілігін тапсыру және салық мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі