Kyzylorda-news.kz  Аймақта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың да көлемі жыл сайын артуда.

Осы ретте кәсіпкерлік саласы түрлі жобалар арқылы даму үдерісінде. Облыста қайтарымсыз грант алып, кәсіп көкжиегін кеңейткен кәсіпкерлердің үлкен шоғыры бар. Өз кәсібінен өнім өндіріп отырғандардың бірі – «Алтын тас» ЖК мекемесінің директоры Нұрбек Тұрғанбеков. Ол тас төсеніш пен керамикалық плиталар өндірісін қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

2022 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген несие алып, өндіріс орнын 3 есеге кеңейткен.

– Қазіргі таңда, цех аумағында пискоблок, тротуар тақталары, бордюр, науа , люк, жертөле, полифасад өнімдері өндіріліп, тұтынушыларға пайдалануға берілуде. Биыл өндіріс көлемін 32 000 ш.м-ден 40 000 ш.м дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз.

Қазіргі уақытта мекемеде 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл жаз мезгілінде, нағыз құрылыстың қызған шағында сұраныстар да жиі түсіп жатыр. Біздің қаламыздан бөлек, өзге қалалардан да арнайы тапсырыстар түседі, – деді Нұрбек Тұрғанбеков.

Айта кету керек, өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің қатары да өскен. Демек, жеке кәсіппен айналысқысы келетін, әрі оны ашуға оңтайланып жүрген азаматтарға жағдай жасалуда. Бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге тыйым салынған. Әкімшілік кедергілер азайып отыр. Салық ауыртпалығы да қысқарған. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несие көбейгенін де айтып өтпеске болмас. Ендігі мақсат – орта және шағын бизнестің үлесін арттырып, ел дамуын орнықтыра түсу.

 

Тағы да оқыңыз: