Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының Сырдария ауданында кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде. Аудан көлемінде қаншама жан өзіне тиісті кәсіппен айналысып қана қоймай, аудан экономикасының артуына титтей де болса септігін тигізіп отырғаны қуантады.
Бесарық ауылында жақында шағын өндіріс орталығы ашылды. Аумағы 1 мың шаршы шақырымды құрайтын орталықта бүгінде 13 кәсіпкер кәсібін жүргізуде. Орталықта кәсібін ашқан ауыл тұрғындарының бірі ерлі-зайыпты Жанат мен Мұхит Молдабаевтар.
Молдабаевтар отбасы кәсіп жүргізуден хабары бар жандар. Осы уақытқа дейін сауда-саттықпен айналысып келген. Бизнесте жинаған тәжірибесін пайдалана отырып, өнім өндіруге бет бұрады. Сауда-саттықпен айналысу барысында пластик бөтелкелерге сұраныстың жоғары екенін аңғарады. Өңірде бөтелке шығаратын бірлі-жарым кәсіпкер болмаса, нарықтың бос екенін анықтайды. Осылайша пластик бөтелкелер шығару жөнінде шешім қабылдайды.
«Біздің негізші тұтынушыларымыз ауылдық елді мекеннің тұрғындары болмақ. Себебі сүт өнімдері мен өзге де түрлі сусындарға қажет пластик бөтелкеге сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде тәжірибе үшін шығарып жатқан бөтелкелеріміз өтіп кетіп жатыр», – дейді кәсіпкер Мұхит Молдабаев.
Кәсіп иелері өндіріске қажет 12 млн теңгені «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген пайызбен алған.
«Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы өңірде өндірісті дамыту жөнінде алдымызға міндет қойып отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы бөлді. Біздің Өңірлік орталықтың кәсіпкерлік мақсатта берілетін несиелері өте тиімді. 6 пайызбен, 5 жылға беріледі және 1,5 жыл демалыс кезеңі бар. Бесарықтағы өндіріс орталығында жұмысын бастаған 13 кәсіпкердің бесеуінің жобасы біздің орталық арқылы қаржыландырылды», – дейді «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының директоры Талғат Матаев.
Өнім шығаруға қажет құрал-жабдықтарды кәсіпкерлер Алматыдан алдырса, шикізатын Шымкентке тапсырыс беруде.
«Сағатына 700 данаға дейін бөтелкелер шығаруға болады. Бөтелкелерді жарты, бір және бір жарым литр көлемде шығара аламыз. Өндірістің жұмысын жолға қойғаннан кейін толық қуаттылықта жұмыс істейміз деген үміттеміз», – дейді Жанат Азизова.
Жанұялық бизнес иелері кәсіпті әзірге өздері жүргізбек. Тапсырыс көлемі артқан жағдайда жаңа жұмыс орнын ашуды көздеуде.
Айта кету керек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы – микроқаржы ұйымы. 10 жылдан бері аймақта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырып келе жатыр. Бүгінгі күнге дейін орталық жалпы құны 14,6 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы 2739 жобаны қаржыландырды. 2953 жаңа жұмыс орны құрылды.
Бесарық ауылында жұмыстарынан тыс уақытта кәсіптерін дөңгелетіп отырған тағы бір ерлі-зайыпты жұп ауылдағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Самат Ақпанбетов жары Гүлзирамен бірге жұмысқа арналған қолғап шығаруда.
«Кәсібімізге қажет қаржыны «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан алдық. Мемлекеттік бағдарлама аясында аз пайызбен 6 млн теңге несиеге осы ісімізді бастап отырмыз. Қазір нарықта жұмысқа қолдануға арналған қолғап парымен 120-150 теңгеден сатылып жатыр. Біз 80-85 теңгеден береміз. Сұраныс жоғары. Енді ғана ғой бастап жатқанымыз. Десе де алғашқы шығарған партияны құрылыс заттарын сатумен айналысатын кәсіпкерлер қуана-қуана алып кетті», – дейді.
ЖК «Гүлзира» қазір күніне 200-250 дана, аптасына 1200-1500 дана қолғап шығарып жатыр. Цехтың қуаттылығына сай өнім шығаруына Гүлзира, ал өнімнің сапасы мен тұтынушы табуға Самат жауапты. Әзірге бар шаруаны өздері істеп жатқан отбасылық кәсіп иелері болашақта екі жұмысшы алуды көздеп отыр.