Kyzylorda-news.kz  Заман талабына сай, халықтың сұранысына қарай кәсіп ашу бүгінде жақсы жолға қойылған.  Ең бастысы ниет пен іскерлікке, қаржыға байланысты. Қандай да болсын кәсіпті қолға алып, дамытамын деген адамға мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетілуде. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Неге арналсаң, соны істе» деп бекер айтпаса керек-ті.

Сырдария ауданына қарасты берекелі Бесарықта жұмыстың көзін тауып, жеке кәсіппен айналысып жатқан кәсіпкер жетерлік. Сондай жанның бірі де бірегейі – Гүлзира Рсым. Бүгінде ерекше кәсіп иесі бір рет пайдаланатын жұмыс қолғабын шығаруды бастады. Кәсіпкер «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-нің ауыл­шаруашылық өнімдерін өңдеуді дамытуға арналған пилоттық жоба арқылы қаржылық қолдау тапқан.

– Негізі бұл кәсіпті бастауды жолдасым екеуі­міз біраздан бері ойланып жүр едік. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, ойлана келе тұрмысқа қажетті бір рет қолданатын қолғап шығармаққа бекіндік. Өйткені қазіргі таңда қалада көпқабатты үйлер салынып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ ауыл тұрғындары да шаруа­шылыққа көптеп қажет етеді, әрі қолданады деп ойлаймыз. Осылайша құжаттарды реттеп 6 млн теңге несие алдым. Кәсіпті бастағанымызға бір айдай уақыт болды, – дейді кәсіпкер Гүлзира Ерназарқызы.

Өз кәсібін бастаған ерлі-зайыптылар 2,5 мил­лион­ға «JOMDA» қолғап тоқитын екі тігін машинасын алса, 1 миллион теңгеге жұмсақ жібек жіп, резинка алған. Қолғапқа қажетті заттарды Қытай мемлекетінен тапсырыспен алдыруда. Тігін машинасы сағатына 10 жұп қолғап шығарса, екі тігін машинасы 20 жұп, бір күнде 230-250 жұп, аптасына 1500 қолғап шығаруға болады екен.

– Қолғап таза мақтадан тігілген соң қолды терле­тіп, аллергия тудырмайды. Бір рет қолдануға арналғандықтан, бағасы да арзан. Бір жұбы – 80 теңге. Ал базарда мұндай қолғаптың бағасы ең төменінің өзі 100-110 теңгені құрайды. Бұл қолғап құрылыста, шаруашылық жұмысын жасағанда қолды сүйелденуден, жарақаттан сақтайды. Қазір өнімді өткізудің жолын қарастырып жатырмыз және алға қойған жоспарымыз да көп. Егер жасап жатқан кәсібіміз дөңгеленіп кетсе, дәнекерлеу, балқыту секілді құрылыс жұмысына киетін, мал терісінен тігілген қолғап шығару да ойда бар. Сондай-ақ арнайы жұмыс киімін тігу жоспары­мызда бар, – дейді кәсіпкерге қолдау білдіріп жүрген жұбайы Самат Ақпамбетов.

Кәсіп нан сұрамайды, өзі тамақтандырады. Жұмысын жақын арада бастағанына қарамастан бүгінде тұрақты тұтынушылары да бар. Сонымен қатар кәсіпкер облыстағы құрылыс фирмаларымен келісім жасауда. Ал қолғапты сатып алып пайдаланған ауылдастары өз ризашылықтарын білдіруде.

Шаруасын жүргізіп, бір-біріне қолдау білдіріп отырған жұбайлар ауыл балаларын біліммен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаздар. Білімнің қарашаңырағы №147 орта мектептің білікті мамандары Гүлзира Рсым мен Самат Ақпамбетов бүгінде 5 бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Үлкені ата-анасының жолын қуып ағылшын-қытай мұғалімі мамандығында оқып жатса, үшеуі оқушы, кенжесі балабақшаға барады.

Кәсібін бастауға мемлекет тарапынан қолдау тауып, оны іске асырған берекелі шаңырақтың отағасы мен отанасының алға қойған жоспары анық, мақсаты айқын.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА

Тағы да оқыңыз: