Kyzylorda-news.kz  Өнер – жастан. Өмір есігін ашқан әрбір жанның Құдай берген дарыны немесе өнері болады. Соны дұрыс таба білген, өнерлі жан өмірден де өз орнын табады. Өнер адамның әрбір кезінде берілуі мүмкін. Десе де, қолы шебердің көпшілігі балалық шақтағы қызығушылықтан туғанын алға тартады. Ал кейде осы қызығушылығы кәсіпке айналып, өміріне серік ететіндер де бар. Осындай жанның бірі Эльвира Шыңғысбекова – Төретам кентінің тумасы. Осында мектеп табалдырығын аттап, оны бітірген соң есепші мамандығы бойынша жоғары білім алады. Мамандық бойынша бір жарым жыл ғана еңбек етеді. Тұрмысқа шығып, ана атанған соң үйден бала кезден бойына сіңірген өнерін жалғастыруды ойлайды.

– Алғашында үйден орамал тігіп, әлеуметтік желі арқылы сататынмын. Кейіннен фетрден ою жасадым. Былтыр мемлекеттен берілген қайтарымсыз грантқа 2 түрлі тігін машинасын және тігіншілерге өте қажетті бу үтігін алдым. Қазір тұтынушылардың тапсырысы бойынша қазақы қамзол, көйлек, шапан, тақия тігеміз. Сатып алуға да, уақытша жалға алуға да болады. Қазақстанның барлық қаласына жеткізу қарастырылған. Қоғамдық жұмысшы негізінде бір адамды жұмыспен қамтып отырмын, – дейді кәсіпкер.

Қолөнер – қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұрасы. «Шеше көрген тон пішер» демекші, кейіпкеріміз осы асыл мұраны әжесінен бойына сіңіріп өскен. Ал кәсіпке құмарлығы әкесінен дарыған.

– Кәсіпкердің қызы ретінде біз мұндағы қиындықтар мен артықшылықтарды бала кезден танып-біліп өстік. Қазір екі баланың анасымын. Қазір көз алдыңызда тұрған мына дүкенде мен 4 жыл сатушы қызметін атқардым. Айдана есімді кәсіпкер келіншектің ізбасарымын десем де болады. Ол қазақы киім тігудің шебері, әрі менің кәсіп бастауыма себепші болған жан. Бар білгенін жасырмай үйрете білді. Мен үшін кәсіптің артықшылығы мол. Отағасым да жақында кәсіпке бет бұрып, тағы бір отбасылық кәсіпті қолға алудамыз. Бір баламыздың мүгедек болуына байланысты кәсіптің біз үшін орны бөлек. Баламыз үнемі жанымызда, көз алдымызда. Ұл-қызымыздың несібесіне шүкір бұйырғаны болып жатыр. Кәсіпкер болған соң, өсе бергің келеді. Мен тек бір бағытты ғана ұстап отыратын кәсіпкер емес, жан-жақты болғым келеді. Отағасым екеумізде арман-мақсатымыз ортақ. Барлығын бала-шағамызбен бірге жүріп, бағындырып келеміз. Егер, мен осындай бала тәрбиелеп отырмын деп үкіметке қол жайып отыра берсем, мұндай нәтиже болмас еді. Яғни жақсы өмір сүргің келсе, өзің еңбектенуден қашпауың қажет. Ешнәрсе оңайлықпен келмейді. Тек қорықпай тәуекел ету керек, – дейді Эльвира Төребекқызы.

Расында да, біз ауыз толтырып айтып отырған толағай табыстардың тасасында таудай талаптан бөлек, талмай еңбектену мен табанды ізденіс жатыр. «Мақсат жолында тынымсыз тер төкпесем, жетістікке жете алмаған болар едім» дейді ол. Абай сөзімен айтсақ, «Еңбектенгенді Құдай да құр тастамайды». Ісмерлігі мен өзінің табандылығының, бірнеше істі үйлестіре алуының арқасында бүгінде қос кәсіпті дөңгелетіп отырған кейіпкеріміз мақсаты – айқын, жоспары – нық.

– Маған әр күн сайын әртүрлі адамдардан «шағын бизнесім бар, бірақ қалай дамытарымды білмеймін», «дипломым бар, жұмысым жоқ» деген сынды хабарламалар да келіп жатады. Осы тұрғыда менің жауабым бойыңдағы қабілеттерді дамытып, оларды табыс көзіне айналдыра білсең, қосымша білім алып өзіңді жетілдірсең, жұмыссыз қалмайсың. Ең бастысы, өз өміріңе жауапкершілік тек өзіңде екенін түсіне білуің керек. Шағын бизнесті дамытудың қарапайым болса да көпшілік мән бермейтін қағидалары бар. Осы қарапайым алгоритмді түсініп, әрі қарай өз өміріңді қолға алып әрекет етсең, сөзсіз табысқа жетесің. Ең бастысы өзіңнің біліміңді арттырып, қабілетіңді көте¬руің керек. Біз өз кәсібімізді дөңгелете жүріп, ұлтымыздың мәйекті мәдениетін дәріптеуге тиіспіз, – дейді кәсіпкер.

Қазіргі дамыған заманда жеңіл өнеркәсіпті өрге сүйреудің маңызы зор. Көңілімізге медет сыйлаған бір нәрсе, Эльвира қалыптастырған отандық өнімдерде ұлттық болмысымыздың исі бұрқырайды. Ол тіккен киімдерде ұлттық қасиет-қалыбымыздан сыр шертетін ою-өрнектеріміз үйлесімді көрініс тапқан. Мұндай ерекше киімдерге қыз-келіншектер тарапынан да сұраныс жоғары көрінеді. Кәделі кәсібін ұлтымызды танытуға ұластырып жүрген кәсіп иесінің ісі берекелі болғай.

Тағы да оқыңыз: