Жанна Абетова – Тереңөзек кентінің жаңа қоныстану аймағынан жақында баспаналы болған ана. Ардақты екі ұлының еңбексүйгіштігі жөнінде бізге әңгімелегенде ананың ақ пейілінен туындаған пікірге құлақ түрген болатынбыз. Өз кезегінде ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан ағайындылар жөніде қалам тербемекпіз.
Тереңзектік Жанна Абетованың айтуынша, Жігер мен Асылжан есімді екі ұлы былтыр кенттен ашылған қосымша жерге картоп, қауын, асқабақ егіпті. Былтыр екеуі де оқушы болса, қазіргі таңда Жігер – Сырдария агро-техникалық колледжінің студенті. Ал Асылжан №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 7-ші сынып оқушысы. Ағайынды қос жігіт жұмысқа жарап, үйлеріне қыстық азық қамдап алғанына мәз. Анасы да ұлдарының талабына сүйсініп, шүкіршілік етіп келеді.
– Балаларымның өскенін былтыр байқадым. Екеуі сабақтан тыс уақытта егін егуге атсалысқан еді. Жанашыр ағаларымен бірге картоп екті. Бізге тұқымдық картопты сол кездегі аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков берді. Қазір ол Айдарлыға әкім болып ауысып кетті. Жақсының жақсылығын ұмытпаймыз, – дейді Жанна Абетова.
Оқушы балалар былтыр үш қап картоп алыпты. Олар картоптың жақсы шыққанын айтады, тек соңғы жағында су көп беріліп, жер қатып қалыпты. Бұл да тәжірибе жинақтау үшін үлкен сабақ болған. «Біз бастысы картоптың қалай егілетінін үйреніп алдық. Былтыр үйренсек, биыл өзіміз-ақ егеміз. Бізге жол көрсеткен, жанашыр болған ағаларға рақмет. Биыл да бақша, көкөніс өнімдерін әкеліп, анамызды қуантамыз» дейді Жігер Жеңісбекұлы бізбен әңгімесінде. Жігердің сөзін інісі Асылжан жалғастырды. Ол егін егу үшін ерте оянуға бейімделгенін айтып, ағасына биыл да көмектесетінін жеткізді.
– Біздің отбасымыз балаларымның еңбегімен келген үш қап картоп пен 20 асқабақты қыстай тұтынды. Дәмі тіл үйірер қауынды да жедік. Ең қуаныштысы, балаларым егін егуді үйренді. Балаларымды еңбекке баулыған азаматтарға айтар алғысым шексіз. Қос ұлымның жұмысқа жарап, еңбек етуге ынта танытқаны ана ретінде мені қуанышқа бөлейді. Тіл-көзден аман болсын, құлыншақтарым, – дейді Жанна Абетова.