Kyzylorda-news.kz  Бүгінде түрлі кәсіп түрі бар. Күннен-күнге дамып, бизнестері өрлеуде. Кәсібі дөңгеленіп, жұмыссыздарды жұмыспен қамтып жатқан кәсіпкердің саны артқаны қуантады. Оның үстіне мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау көп.

Сондай-ақ түрлі бағдарлама бар. Қайтарымсыз гранттың да жыл сайын қаржысы көбеюде. Бұл бағдарлама – жұмыссыздарды жұмыспен қамтып қана қоймай, жастарды, көп балалы аналарды, бизнесін дамытқысы келетін кәсіпкерлерге үлкен демеу. Десе де кәсіп бастап, оны дамыта алмаған, бастамай жатып аяқталған бизнес түрлері де жеткілікті. Кәсіп бастау – оңай болып көрінуі мүмкін. Десе де біраз еңбек пен терді қажет етеді. Оған қаржыдан бұрын үлкен сенім керек-ақ...

  Бүгінде «Даму» қоры тарапынан  кәсіпкерлерге көп қолдау жасалуда.  Облыс бойынша өңірлік филалдың атқарған шаруасы да жеткілікті. Мәселен, биыл маусым айында жеңілдікпен несиелейтін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылған. Бұл бағдарлама – пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралына балама болып, кәсіпкерлердің қаржыны кідіріссіз алуына мүмкіндік беруде. Осылайша инвестиция, айналым қаражатын толықтыру және қайта қаржыландыруға несие алуға болады. Облыста осы бағдарлама басталған уақыттан бері 19 жоба жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге қолдау алды.

пресс-тур даму Н.Нуржаубай.JPG
Айдос Жылқайдаров,«Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры:

  «Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша филалының директоры Айдос Жылқайдаровтың айтуынша, қор кәсіпкерлерге үш негізгі құрал арқылы мемлекеттік қолдау көрсетуді жалғастыруда. Олар жеңілдікті қаржыландыру, кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болған кезде несиеге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемені ішінара субциядалау.

«Даму» Қоры ұлттық даму институты болғандықтан, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің сапалы дамуына жәрдемдеседі. Бұл – экономикаға айтарлықтай серпін береді. Біз кәсіпкерлерге үйреншікті қолдау тетіктерін сақтап қалдық, алайда олардың мазмұнын едәуір жетілдіріп, жұмыстың тиімділігін арттырдық. Сондай-ақ экономиканың басым салалары тізімі айқындалды. Олар: өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, денсаулық сақтау мен білім беру. Қызылорда облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер 11,3 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Олар бюджетке 537 млрд теңге салық төледі, – деді «Даму» Қорының Қызылорда облысы бойынша өңірлік филиал директоры Айдос Жылқайдаров.

Кепілдік беру құралы бойынша биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен құны 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден асатын жобалар үшін екі «Кепілдік қоры» іске қосылды. Енді кәсіпкерде кепілзат тапшы кезде «Даму» Қоры 7 млрд теңгеге дейінгі қарызға кепілдікті өте қысқа мерзімде – портфельдік кепілдіктің арқасында 2 жұмыс күні ішінде береді.

Бұл жүздеген аймақтық жобаларға несие алуға мүмкіндік береді. Кепілдік несие сомасының 85%-на дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын соманы жаба отырып, несие, лизинг мәмілелеріне және келісімшарт орындауға қолданылады. 9 ай ішінде кепілдік портфелі 17,2 млрд. теңге болатын 143 шартқа қол қойылды. Оның ішінде Қордың кепілдігі 12,9 млрд теңге. Жобалардың ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.

«Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур барысында қордың облыстық филиалы кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдауға ие болған осындай үш кәсіпорынның жұмысын көрсетті.

Зауыт тоқтаусыз жұмыс істейді

Алғашқы бағыт – Жалағаш ауданы болды. «Агрохимсервис-С» ЖШС – облыстағы күріш шаруашылықтарын минерал тыңайтқыштармен (аммоний сульфаты) қамтамасыз ететін негізгі өндіруші және жеткілікті компания. Зауыт сағатына 10 тоннаға дейін түйіршіктелген тыңайтқыш шығарып, аграрлық саланы сапалы өніммен қамтамасыз етеді.

пресс-тур даму Н.Нуржаубай 1.JPG

Биыл тамыз айында «Агрохимсервис-С» ЖШМ «Даму» қорының «Өрлеу» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық банкі» АҚ-нан несие алған. Бағдарлама аясында кәсіпкер 12,6 пайызбен тиімді несиеге қол жеткізіп, шаруасын дамытуда. Бұдан бөлек, серіктестік қор ұсынған мүмкіндіктерді тұрақты пайдаланып келеді.

пресс-тур даму Н.Нуржаубай 2.JPG
Валентина Ким,«Агрохимсервис-С» ЖШС қаржы директоры:

Тыңайтқыш – өсімдіктердің топырақтан қоректенуін жақсарту үшін қолданылатын органикалық және минералдық заттар. Оны дұрыс пайдаланған дақылдардың түсімі артады, өнім сапасы жақсарады. Осы ретте елімізде өсірілетін түрлі дақылдардан мол, тұрақты әрі сапалы өнім алуда агротехникалық шаруалармен қатар, тыңайтуды дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Сол себепті біз шаруашылыққа қажетті минералды тыңайтқыш өндірумен айналысып отырмыз. Зауыт тоқтаусыз жұмыс істейді. Қазір мұнда 25 адам еңбек етеді. Шикізат Ресейден келеді. Құрылғының бәрі де – Қытайдан әкелінген жаңа технологиялар. Өнімге сұраныс жоғары. Қазіргі таңда өзге өңірлерге де өткізуге әрекет жасап жатырмыз, – дейді ол.

Жоба бойынша 100-ден астам адам жұмыспен қамтылады

 «Марал-Нұр» ЖШС – Қызылорда облысындағы теміржол жолаушылар тасымалы саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Компания Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына басымдық беріліп, жылжымалы құрам уақытылы техникалық қызмет көрсетуден өтеді және кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Қызмет көрсету барысында таза әрі ыңғайлы купе және плацкарт вагондар, кондиционерлер, тұрмыстық техника және білікті қызметкерлер ұсынады.

Бүгінде кәсіпорын «Қызылорда-Павлодар» және «Жезқазған-Астана» бағыттарындағы қалааралық тасымалды табысты жүзеге асыруда.

пресс-тур даму Н.Нуржаубай 5.JPG

Қызмет аясын кеңейту мақсатында «Марал-Нұр» ЖШС Қызылорда қаласында «Жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені – «Цифрлық депо» инвестициялық жобасын жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны 5,4 млрд теңгені құрап, оның 2,2 млрд теңгесі «Даму» қорының «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясындағы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қолдауы арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ тарапынан қаржыландырылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде несие мөлшерлемесі жылдық 8%-ға дейін төмендетілді.

«Марал-Нұр» ЖШС директорының орынбасары Олжас Өткелбаев мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

пресс-тур даму Н.Нуржаубай 3.JPG
Олжас Өткелбаев, «Марал-Нұр» ЖШС директорының орынбасары:

Қазіргі ең маңызды мәселе – жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету. Елімізде жолаушылар вагоны көп болғанымен, жөндеу орны аз. Сондықтан біз 2020 жылы осы жобаны қолға алдық. Құрылыс мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, қаражатқа құрал-жабдықтар алынды. Бүгінде мұнда 80-нен астап техника әкелініп, орнатылды. Құрылыс толық аяқталды. Жыл аяғында іске қосыламыз. Бүгінде дайындық жұмыстары қызу. Жоба бойынша 100-ден астам адам жұмыспен қамтылады, – деді ол.

Жанға жайлы – жатақхана

Бір топ БАҚ өкілдерінің келесі бағыты – студенттерге арналған жатақхана. Бұл «Інкәр-7» ЖШС жүзеге асырған әлеуметтік маңызы бар жобаның бірі.

пресс-тур даму Н.Нуржаубай 4.JPG

Мұнда студенттерге жайлы, заманға сай үлгіде барлық жабдықпен қамтамасыз етілген. Былтыр серіктестік 200 орынға арналған жатақхананың құрылысын аяқтап жаңа оқу жылында пайдалануға берген. Әр бөлме 4 студенте арнайы жасақталған. Бүгінде 207 студент жатахқана қызметін пайдалануда. Бәрі де Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары. Мұнда оқу бөлмесі, мейірбике бөлмесі, акт залы, асхана, кір жуатын, жуынатын бөлмелері бар. Комендант Гүлсара Әбдіхалықова мұнда жастардың білім алуына, бос уақытын тиімді өткізуіне барынша жағдай жасалғанын айтты.

Жатақханада студенттердің барлық жағдайы жасалған. Өздеріне қажетті заттардың бәрі бар. Бос уақытын тиімді өткізуге де жағдай жасалған. Ай сайынғы жалдау ақысы 12 мың теңге, – дейді ол.

Соңғы 14 жылда Қызылорда облысының кәсіпкерлікті «Даму» қорының қолдауымен 11300 жұмыс орнын ашып, бюджетке 537 милиард теңге салық түсірді. Қол қолдау көрсететін брендтер арасында Dalatex textile, Assol және Ozero  тұзы, Қазалы кәмпиттері, Сафия ауыз суы, Дәмді сүт өнімдері, Арай Гелато балмұздағы, т.б. бар. Қызылорда облысының кәсіпкерлері үшін мұндай көмек өсудің, жаңғыртудың, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың нақты құралы.

Мөлдір САБЫРЖАН,

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: