Kyzylorda-news.kz  Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде өңір кәсіпкерлері «Даму» қоры арқылы 34 млрд теңге көлемінде несие рәсімдеген. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға зор септігін тигізбек.

«Даму» қоры арқылы мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындардың бірі − «Абай Дәулет»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Kaz Fries» цехі. Кәсіпкер инвестициялық мақсаттарға, картопты қайта өңдеу бойынша жабдықтар сатып алуға несие рәсімдеп, «Kaz Fries» мұздатылған картоп өндіру зауытын іске қосты.

Алдымен картоп сорттары бөлініп, арнайы техника көмегімен туралып, қаптамаға салынады. Содан соң сауда орындарына сатылымға шығарылады. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін өндіреді. Сонымен қатар мал шаруашылығы және құрылыс материалдарын өндірумен де айналысады.

– Былтыр «Абай Дәулет» компаниясы 600 млн теңгеге фри зауытын ашты Компания «Даму» қорынан қолдау көріп отыр. Шығарылған өнімдер қаланың кез келген сауда орнына уақытылы жеткізіледі, – дейді кәсіпорын директоры Мұрат Сәрсенбаев.

Халық денсаулығы күн тәртібіндегі түйткілді мәселеге айналғалы қашан. Қала орталығында бой көтерген «Сана-Сезім» ЖШС медициналық қызмет көрсетумен айналысады.

Кәсіпкер 2016 жылдан бері медицина саласында жүйелі жұмыс жасап келеді. Мұнда ересектер мен балаларға арналған бірегей емдеу-сауықтыру бағдарламалары қолданылады. Бұл науқастардың иммунитетін табиғи түрде қалпына келтіруге негізделген жалғыз клиника саналады. Өткен жылы «First Heartland Jusan Bank» АҚ арқылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде медициналық жабдықтар сатып алынды.

Клиника құрылтайшысы Раушан Базарбайдың айтуынша, бүгінде тіркеліп қаралушылар саны бес мың адамға жуықтаған. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекет қолдауы нәтижесінде халыққа қажетті қызмет сапасы артып келеді.

Құрылыс және бизнес колледжі «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында қосымша құрылыс салуға бағытталған қаржыландыруға ие болды. Нәтижесінде ғимарат 1600 шаршы метрден 2500-ге дейін ұлғайтылды. Жаңа кабинеттер саны артып, қажетті құралдармен қамтылды. Заманауи кітапхана пайдалануға берілді.

– Мұнда бүгінде 100-ге жуық ұстаз еңбек етеді, 500-ге жуық студент түрлі мамандық бойынша білім алуда. «Даму»  қоры арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Жаңа нысанда жастардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалып отыр. Мемлекеттен 19 пайыз көлемінде несие рәсімдеп, соның 13 пайызын «Даму» қоры төлейді, қалған 6 пайыз қаражатты өз есебімізден төлеп келеміз. Бұл жаңадан кәсіп бастағандарға қажет қолдау, – дейді колледж директорының орынбасары Естөре Құлтаев.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры – «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің мемлекеттік даму институты. Қордың мақсаты – Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту. Өңірлік филиал директоры Айдос Жылқайдаров атқарылған жұмыс барысын атап өтіп, алдағы жобаларға тоқталды.

– Қазір облыста кәсіпкерлер саны артып келеді. Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламаларын жүзеге асырып бастағаннан бері облыс бойынша 6 мыңдай жобаға «Даму» қоры тарапынан қолдау көрсетілді. Биылдың өзінде 700-дей жоба қордан қолдау тапқан, – деді «Даму» қоры аймақтық филиалының директоры.

 

Тағы да оқыңыз: