Kyzylorda-news.kz. Кез келген елдің экономикасын дамытатын сол елдің төл өнімі екені белгілі. Бірақ алдымен өндірілген өнім сол шығарған елдің талабын қанағаттандырып, толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өзге елдерге шығарылып пайда әкелсе ғана өндірісті дамытады. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында осы мәселені көтеріп, елде өндіріс саласы кенжелеп тұрғанын айтқан-ды. Соңғы жылдары аймағымызда үлкен кәсіпорындар ашылып, елдің дамуына оң өзгерістер енуде. Ауданда карьер қазу қызметімен айналысатын «АНК Дәулет» ЖШС бүгінде өңдеу саласына жаңа бетбұрыс жасап отыр. Бұл туралы серіктестіктің директоры Дәулет Қанатбайұлымен сұқбаттасқан едік.
– Алдымен әңгімеміздің тінін «АНК Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жұмысы жайында елге қысқаша таныстырып тарқатсақ.
– Серіктік ең бірінші әкем Қанатбай Нұрмаханұлының бастамасымен акционерлік қоғамы болып ашылды. Кейін жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылып, жұмысын кеңейтті. Мұнда алпысқа жуық жұмысшы бар. Мекеме ауданнан он екі шақырым қашықтықта орналасқан Ордазы деген жерде карьер қазумен айналысады. Ол жердегі топырақ, қиыршық тастарды өзіміздің өнеркәсіптік базамызға тасымалдап, арнайы жабдықтармен үш-төрт түрге бөлшектейміз. Бұл құмдар құрылысқа арналғандықтан көрші аудандарға сұраныс бойынша вагондармен жіберіп отырамыз. Мәселен, Арал, Қазалы аудандарындағы темір бетон зауытына осы бөлшектелген топырақтар жеткізілуде. Одан бөлек облыс, тағы да басқа аймақтарға тапсырыс бойынша жіберудеміз.
– Енді өзіңіз әке жолын жалғастырып жатырсыз. Қаншалықты қиыншылығы бар?
– Жалпы АНК Дәулеттің жұмысы маған бала кезден таныс. Әкемнің қасында көп жүріп, жұмыстың қыр-сырын үйрендім. Кейін қалаға оқуға түсіп, «Заңгер» мамандығын меңгеріп, еңбек жолымды осы мекемеден бастадым. Қазіргі таңда серіктестіктің директорлық қызметіндемін. Қиыншылық кез келген жұмыста болып тұрады. Бірақ оған төзімділікпен, сабырлықпен қарау керек. Әкемнен алған тәжірибемнің арқасында мекеменің жұмысын тоқтатпай жүргізіп келеміз. Шүкір, жылдан-жылға ілгерілеушілік бар. Елдегі басқа қалалармен тығыз байланыстамыз. Түркістан облысы, Созақ ауданына бөлшектелген құмдарымызды арнайы бір тонналық қаппен жеткізіп отырмыз.
– Енді жақсы жаңалыққа көшсек. Бұйырса кәсіпорын биыл жаңа жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Нақтысын айтқанда ауданда газоблок шығаратын өндіріс ашылмақ. Осыны кеңінен тарқатсаңыз.
– Қазір елімізде көптеген оң өзгерістер орын алуда. Әсіресе өндіріс ошақтары салынып, экономикамыз өркендеп жатыр. Біз де шикізаттан өнім шығару бағыты бойынша бөлшектелген құрылыс құмнан ауданда газоблок шығаратын шағын зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Бұйырса биыл іске қосылады. Он адамды жұмыспен қамтитын боламыз. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге. Оның ішінде «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде 60 млн теңгеге несиелендірілді. Газоблок өнімі кез келген құрылысқа жарайды, яғни үй, құрылыс нысандарын, цех салуға бірден-бір таптырмас құрал. Жобамыз іске асып, өнім шығып жатса бірінші жергілікті тұрғындарға қол жетімді бағада сатылатын болады. Өйткені құм өзімізден шығып жатыр, оған қосылатын қоспаларды соның ішінде цементті Шиеліден алдыратын боламыз. Жалпы байқасаңыз, Қармақшының топырағы ерекше әрі сапалы. Сонымен қатар мемлекеттік стандартқа сәйкес. Карьерден қазылған құмдарды түріне қарай пайдалануға болады. Мәселен, асфальт жолдың астына жаюға, бетон құюға, тағы басқа да құрылыс жұмыстарына пайдалануға жарайды. Зауыттағы құрылғыларды Ресейден алдырттық. Арнайы маманы келіп құрастыруда. Бұйырса бәрі автоматтандырылған, технологиялық процес бойынша өнім өндірілетін болды.
– Не себепті кәсіптің бұл түрін таңдадыңыз?
– Көп жағдайда бізге құрылыс заттары сырттан келеді. Мәселен, батыс аймақтан құрылысқа қажетті ракушка тасы аймағымызға жеткізілуде. Біріншіден, ол теңіз астынан өндіріледі, сол себепті ылғалды бойына жинайды. Екіншіден, оның келуі, жеткізілуі үлкен қаражатты қажет етеді. Ал енді газоблок ол өз жерімізден шығады. Шикі заты дайын. Одан үй салған жағдайда жылуды бойынан өткізбейді. Сонымен қатар көлемді әрі өнімді келеді. Артық шығынды да қажет етпейді. Жалпы ауданды дамыту ісінде алға қойған жоспар көп. Өндіріс бар жерде өріс кеңейетіні сөзсіз ғой, бұйырса кезең кезеңімен жүзеге асатын болады.
– Мекеме бұған дейін де өнім шығарумен айналысты. Қандай өнім түрлерін елге ұсындыңыздар?
– Елдегі шикі затты пайдалана отырып брусчатка, көшеге қойылатын жиек тастарды өндірдік. Одан бөлек сплитерлік блоктар шығардық. Ол қазіргі таңда құрылыста сұранысқа қажет дүниенің бірі болғандықтан қолға алдық. Бұл өнімнің барлығы жеріміздегі құмдардың зерттеліп, сапа жағынан жоғары баға алуымен жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта газоблок өндірісі де жергілікті өнім ретінде «Қармақшыда жасалған» деген брэнтпен шығатын болады.
– Сіз қазіргі таңда аудандық мәслихат депутатысыз. Былтыр жыл қорытындысында «Үздік депутат» атандыңыз. Осы ел мүддесін ойлаудағы жұмысты қатар алып жүру қиындық тудырмайма?
– Жалпы бұл депутаттық жолды бекер таңдап келгенім жоқ. Елге кішкене де болса пайдам тисін деген мақсатпен сайландым. Сайлауалды бағдарламамның ішінде жұмыссыздық мәселесін азайту туралы қамтылған. Сол бойынша жұмыссыз жүрген жастарды ертеңгі іске қосылар зауытымызға тартудамыз. Аудан тұрғындарымен кездескенде де олардың пікірін, ойын тыңдаймыз. Мәселен, №250 мектеп-лицейі жанындағы саябаққа балалар ойын алаңын салып беру туралы тұрғындардан ұсыныс түскен болатын. Соны қолға алып, өз қаражатымнан ойын алаңын салып бердім. Депутат болғаннан кейін ел ісіне араласу міндетіміз. Әр сессия сайын ауданға қатысты мәселелерді талқылап, оң бағытқа қарай жұмыс істеудеміз.
– Уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға рақмет.