Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округі тұрғыны Нұрлан Смағұлов бөдене құсын өсіріп, оның өнімдерін өндіру ісін кәсіп көзіне айналдырған. Құс өнімін өндіріп, көпшілік сұранысын қанағаттандырып отырған кәсіпкер бұл істі карантин кезінде бастағанын айтады. 
Ел арасында бөдене өнімінің адам денсаулығына пайдасы туралы көп айтылады. Бөдененің еті де, жұмыртқасы да адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны жұқпалы аурулардан қорғайтын қасиетке ие. Сонымен бірге тауық жұмыртқасына қарағанда  бір грамм бөдене жұмыртқасының құрамында А, D дәрумені екі есе көп екен. Осындай пайдалы дәруменге бай құстың өнімі соңғы кездері тұрмыста жиі қолданылып келеді. 
Осындай артықшылықтарды ескере отырып, қарауылтөбелік Нұрлан Смағұлов жергілікті халыққа пайдалы өнімді қолжетімді қылуды көздейді. Ол өзінің бөдене өсіру  кәсібін әуелде өз қаржысы есебінен бастаған екен. 
–  Бастапқыда бөдене өсіруді қызығушылық, хобби ретінде қолға алған болатынмын. Оған қоса бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы өте жоғары. Кейін сұраныс барын білген соң кәсп ретінде дамытып көрдім. Алғашында кәсіптің бұл түріне көп адамдар таңырқай қараған еді. Алайда кәсіптің көзін тауып, төзімділік танытсаң, еңбек етсең алынбас қамал жоқ. Расымен бөденені де қолда өсіруге болады екен. Бастапқыда қиындықтар кездесті. Уақыт өте келе бұл құстардың бабын тауып, жем-суын уақытында беріп, күтіміне ерекше көңіл бөлдім. Күтімі жақсы болса бөдененің беретін табысы мол екеніне көзім жетті. Сондықтан таза, пайдалы өніммен л-жұртты қамтамасыз еткім келді, – дейді кәсіпкер бізбен әңгімесінде. 
Кейіпкеріміздің айтуынша, бүгінде күніне 1000-нан астам жұмыртқаны сатылымға шығарады екен. Бастапқыда бөдененің 100 балапанын сатып алған ол қазір табыс көзіне айналдырып отыр. Бір қызығы, аталған құстың балапаны жұмыртқаны 17 күнде жарып шығады екен. Ал бөдененің қораздары етке сойылатын көрінеді. Кәсіпкер құстың жұмыртқасын 35 теңгеден сататынын айтады. Ал еттің келісі 3500 теңгеден өткізеді екен. 
– Жыл өткен сайын жұмыртқа мен етке сұраныс көбейді. Нақты табыс әкелетін жұмыс болған соң кәсіп аштым. 2023 жылы үкіметтен көпбалалы отбасы ретінде 1380000 грант ұтып алдым. Алты балам бар. Жасым 45-те. Жұмыртқаны, етті  «Дәстүр», «Ажар», «Отырар» сауда орындарына өткіземін. Аудандарда да сұраныс жоғары. Ал құстың бабына келетін болсақ, балапан кезінде старт жем беріп, жиырма күн өткеннен соң ғана өзінің яғни, бөденеге арналған жемге үйретеміз. Казіргі таңда 5000-нан аса бөдене бар. Шаруашылықты отбасымызбен жүргіземіз, – дейді кәсіпкер.
Ет пен жұмыртқа бағытындағы бес смыңнан астам бөденені өсіріп, құс шаруашылығын дамытып отырған кейіпкеріміз осылайша қала тұрғындарын пайдалы өніммен қамтамасыз етіп отыр. Бабын таба білсең бөдене шаруашылығы тиімді көрінеді. Себебі, бөдененің балапаны қырық, қырық бес күнде жетіліп, жұмыртқа бере бастайды екен.
Өнімінің өзі мың түрлі дертке дауа құс шаруашылығын кәсіп қылғандар некен-саяқ. Кейіпкеріміздің айтуынша, бала сүйе алмай жүрген әйел кісілер де, тіпті, ауыр дертпен ауырып, химия алған сырқаттардың күш жинауына да бұл өнімнің пайдасы зор. Сондай-ақ, бөдене жұмыртқасына тапсырыс берушілер көбіне тойға алатын көрінеді. Оған бір тапсырыста жүз, жүз елу бөдене өніміне тапсырыс береді. Ал дүкендерге аптасына 20-30 келі өнім сатылып отырады. 
Сонымен қатар, бөдене құсының «Гигант», «Белый гигант» деп аталатын түрі бар екен. Ол тек ет бағытында пайдаланылады. Ал салмағы 500 грамға дейін барады. Бұдан бөлек, бөдененің «Эстон», «Манжур» деген жұмыртқа бағытындағы түрі де бар екен.
 

Тағы да оқыңыз: