Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік бағдарлама аясында грант иегері атанған ІІІ топтағы мүгедектігі бар қала тұрғыны – Марат Есетов. Ол 2022 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсынан өтіп, биыл 1 476 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған болатын.
Қазіргі таңда кәсіпкер грант қаражатына өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды алып, кәсіпкерлік саласының дамуына үлесін қосып отыр.
Кәсіп иесі 10 жылға жуық цехта жұмыс істей жүріп, мол тәжірибе жинақтаған. Тәжірибенің арқасында тұрғындардың талғамы мен сұранысына сай сапалы есік-терезелерді шығаруда. Шағын цехта 3 адам жұмыс істейді. Пластикті кесу, бұрыштама жасау, үтіктеу сынды жұмыстар заманауи аппараттар арқылы жасалынады.
«Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты мұқтаж жандарға тиіп жатқаны қуантарлық. Ең бастысы, еңбек пен ниет керек. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын», - деді «D&M Plast» ЖК иесі Марат Амантайұлы.