Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда күнделікті экологиялық ахуалдың нашарлауы, тағам өнімдерінің құнарсыздануы мен сыртқы ортаның түрлі жағымсыз факторлары адам денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Осындай жағдайда ағзаны табиғи өнімдермен қуаттандырудың маңызы арта түскені белгілі. Солардың ішінде ғасырлар бойы шипалы қасиетімен танылған ара балы – денсаулыққа таптырмас табиғи өнім.
Халық арасында балды ас мәзірінің сәні ғана емес, түрлі аурудың алдын алатын емдік құрал ретінде пайдалану дәстүрі ертеден қалыптасқан. Мамыр айынан қыркүйекке дейінгі аралық – аралардың тынымсыз еңбек етіп, бал жинайтын негізгі кезеңі. Бұл уақытта омарташы қауым үшін нағыз қарбалас жұмыс басталады. Соңғы жылдары табиғи өнімге деген сұраныстың артуына байланысты омарташылықпен айналысушылардың қатары да көбейіп келеді.
Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының тұрғыны, зейнеткер Мұрат Жартыбаев – осындай тың кәсіпті таңдаған жандардың бірі. Ол омарташылықпен айналысып келе жатқанына шамамен он бес жылға жуықтағанын айтады. Оның сөзінше, бұл кәсіп сырттай қарағанда оңай көрінгенімен, іс жүзінде үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді.
– Омарташы болу үшін араны күтіп-баптаудың қыр-сырын жақсы меңгеру қажет. Бұл кәсіп аса ұқыптылықты, сабырлылықты талап етеді, – дейді Мұрат аға.
Алғашында омарташылықтың негіздерін Александр есімді танысынан үйренген ол, кейін ойлана келе бал арасын өсіруді толықтай қолға алады. Ең алдымен омарта орналасатын орынды дұрыс таңдаудың маңызы зор. Ол желден қорғалған, құрғақ әрі тыныш аумақта болуы керек. Сонымен қатар айналасында бау-бақша, ағаштар, түрлі гүлдер мен шөптер өсетін, ара бал жинай алатын табиғи орта болуы шарт. Ара ұяларының құрылысы мен орналасу тәртібі де ерекше назар аударуды қажет етеді.
– Бастапқыда небәрі екі ара отбасын сатып алдым. Кез келген істің бастауы қиын болатыны рас. Осы кәсіпті жақсы білетін жандардан кеңес алып, арнайы кітаптар оқып, көп іздендім. Қателіктерден сабақ алып, тәжірибе жинақтадым. Уақыт өте келе істің қызығына беріліп кеттім, – дейді омарташы.
Табандылық пен еңбектің арқасында бүгінде Мұрат Жартыбаевтың омартасында он жәшікке жуық ара отбасы бар. Ара ұялары көбейген сайын өнім көлемі де арта түседі. Бал жинау маусымында омарташы араларды түрлі өсімдіктер гүлдейтін алқаптарға көшіріп отыруға мәжбүр.
Ара – еңбекқорлығымен ерекшеленетін жәндік. Олардың тіршілігі қатаң тәртіпке негізделген. Бір омартада аналық, аталық, жұмысшы және күзетші аралар өз міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Бал жинамайтын, жалқау араларды күзетші аралардың ұяға кіргізбейтіні де – табиғаттың өз заңы.
Сонымен қатар ара өте сезімтал әрі тазалықты сүйетін жәндік саналады. Сондықтан омартаның таза болуы – сапалы өнім алудың басты кепілі. Ұялар үнемі тазартылып, бақылауда болған жағдайда ғана жоғары сапалы бал алуға мүмкіндік бар.
Балдың емдік қасиеті ерекше. Ол адам ағзасын дәрумендермен, ақуызбен, түрлі ферменттермен және қоректік заттармен байытады. Табиғи өнім болғандықтан ара балы медицина мен косметология саласында да кеңінен қолданылады. Сондықтан омарташылық – әрі денсаулыққа пайдалы, әрі табыс әкелетін қайырлы кәсіп.
Аралардың денсаулығына да ерекше көңіл бөлінеді. Омарташының айтуынша, бал арасы екі жылда қартаяды. Аптасына кемінде екі рет тексеріс жүргізіледі. Кейде араның бойынан кенелер байқалып, түрлі ауру белгілері анықталады. Жалпы бал арасының қырықтан астам ауруы бар екен.
Күз мезгілінде аралар біртіндеп ұяларына жиналып, қыстаққа дайындалады. Олар 5–6 градус суыққа шыдай алмайды, қыста әлсіз болады. Сондықтан қысқы азық ретінде өздері жинаған балды пайдаланады.
Омарташылар алғашқы балды мамыр айының соңына қарай, кейін жантақ гүлдеген кезде жинайды. Әр өңірдің балы сол жердің өсімдігі мен табиғатына байланысты ерекшеленеді. Бүгінде экологиялық таза, табиғи өнімге деген сұраныс жоғары. Ауыл мен қала тұрғындарынан бөлек, Алматы мен Астана қалаларынан да тапсырыс көп түсуде. Балдың бағасы да халыққа қолжетімді.
Ара бағу көп қаржыны талап етпегенімен, тынымсыз еңбекті қажет ететінін түсінген Мұрат Жартыбаевтың ұлы Дәулет те әке кәсібін жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл – адал еңбекпен береке табудың жарқын үлгісі.
