Kyzylorda-news.kz  Қаржылық білімнің аздығы мен халықтың берешегі – көптеген елдің, соның ішінде Қазақстанның арпалысып келе жатқан күрделі проблемасының бірі. Бүгінде еліміздің 85% халқының ұлттық банкке төленбеген берешегі бар. Сонымен қатар тұтынушылық несие өзінің рекордтық деңгейіне жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың уәкілеттілігі негізінде мәселені шешу үшін ауыр жағдайға тап болған және банкроттық жариялаған жандардың несиесі кешірілді. Десек те мемлекетке берешек жандардың қатары азаймай тұр. Осы мәселені қолға алып, қарызсыз қоғам қалыптастыруды мақсат еткен AMANAT партиясы Halyk банкпен бірігіп, азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру және жеке қаржыны басқаруына қолдау көрсету мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасын өткен жылдан бастап іске қосты. Бұл бағдарлама арқылы әрбір азамат қаржысын тиімді пайдаланып, экономикалық тұрақты қоғам құруға үлес қосады.

Жобаның мақсаты неде?

Қаладағы халық үшін ақшаны басқару курстары қолжетімді, алайда ауыл аймақтағы азаматтарға ақшаның құны, оның маңыздылығы мен басқару туралы ақпарат жеткіліксіз. Соның салдарынан елімізде лудомания, займ және несие алу мәселелері дендеп тұр. Ал «Қарызсыз қоғамның» көздегені – азаматтарды қаржылық жоспарлау, бюджеттеу және қарыздарды басқару негіздеріне оқыту. Бұл саладағы білім адамдарға қаржылық шешімдер қабылдауға және қажетсіз қарыздардан аулақ болуға көмектеседі. Жоба халық арасында берешек деңгейін төмендетуге бағытталған. Сондай-ақ қаржылық қиындықтарды жеңу және қарыз тұзақтарынан шығу жолдарын табуға көмектесетін тегін кеңес беру қызметін ұсынады.

«Қарызсыз қоғам» қандай әдіс қолдану арқылы білім беруде?

Жобаның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – қаржылық білім беру бағдарламасы. Олар бірнеше әдіс бойынша жұмыс жасайды. Мәселен, тренинг-семинарлар. Қаржы сарапшылары қатысушыларға қаржылық жоспарлау, бюджеттеу және қарызды басқару негіздерін түсінуге көмектесетін түрлі оқу іс-шараларын өткізеді. Тренинг офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылады. Вебинар, яғни кең аудиторияға қолжетімді онлайн дәріс пен курс жеке қаржыны тиімді басқару, қарыздан аулақ болу және бюджетті жоспарлау туралы ақпарат береді. Сонымен қатар ақпараттық материалдарды да әзірлейді, олар жеке қаржыны басқару бойынша пайдалы кеңестермен қамтылған. Бұл материалдар баспа және электронды түрде қолжетімді. «Қарызсыз қоғам» жобасы тегін консультациялық қызметтерді ұсынады. Оларға жеке кеңес беру, құқықтық мен психологиялық қолдау көрсету жатады. Жеке консультация арқылы мамандар азаматтарға жеке қаржылық жоспар құруға, қарыздарды қайта құрылымдауға және несие тарихын жақсартуға көмектеседі. Берілетін кеңестер легі әр адамның нақты қаржылық мәселелерін шешуге бағытталған және қаржыны басқару бойынша практикалық нұсқаулықтар қамтылады. Құқықтық қолдау адамдарға несиелік келісімшарт пен басқа да қаржылық міндеттемелерге қатысты өз құқықтары мен міндеттерін түсінуге ықпал етеді. Қаржылық мәселелер көбінесе стресс пен уайым секілді ауыр эмоциялармен қатар жүреді. Жоба адамдарға қаржылық қиындықтардың эмоционалды салдарымен күресуге және стресстік жағдайлардан шығудың жолдарын табуға көмектесетін психологиялық ұсыныстар береді.

Қанша адам білім алды?

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 65 мың адам жоба аясында білім алды. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы бастау алған пилоттық жоба 8 өңірде іске қосылған болатын. Атап айтқанда Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында. Биыл аталған жоба Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес 5 ақпанынан бастап еліміздің барлық өңірінде қолға алынды. Осы кезге дейін облыс бойынша 12 ауысым болды, 3342 адамға сертификат табысталды. Өткен сенбінің нәтижесінде қала бойынша 677 адам дәріс алса, жыл соңына дейін 1620 адамды оқыту көзделіп отыр. 1 адам 5 күн оқып, сертификат алады. Жобаға қатысушылардың 75%- ы әйелдер, басым бөлігі көп балалы аналар. Партия оларға арнайы жағдайды қарастыратынын айтты. Мамыр айының нәтижесі бойынша республика көлемінде қаржылық сауаттылыққа қатысты білім алғандардың 81%-ы ауыл тұрғындары. 2024 жылы қазақстандықтардың 200 мыңнан астамы қаражатты қалай басқару керегін үйренеді деп күтілуде. Сондай-ақ мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары дайындалмақ. Қосымша 100 мың студент, 450 мың жоғары сынып оқушысы қамтылады. Жалпы 750 мыңнан астам қазақстандық қаржылық сауаттылығын арттырады деп күтілуде

– Биылдан бастап бұл жоба Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Республика көлемінде 150 қаржы жөніндегі сарапшы халыққа қызмет көрсетеді. Жобаға кез келген азамат қатыса алады. Қатысу үшін тұрғылықты жер бойынша әкімдікке немесе AMANAT партиясының филиалына өтініш білдіру керек. Сондай-ақ qogamfin.kz сайты арқылы да тіркелуге болады. Қатысу ерікті түрде және ақысыз. Қатысушылардың қаржылық сауаттылық деңгейін білу үшін қаржы сарапшысы түрлі тәсіл қолданады. Мәселен, мен бір жылдық шығын туралы ақпарат сұраймын. Қатысушылар табыс тапқанымен, шығыстың көп екендігіне мән бермейді. Осы салғырттық әсерінен қалай «минусқа» кіргенін бейхабар болады. Алайда мен ұсынған әдіс арқылы расымен шығын көп екендігіне көз жеткізеді һәм оны болдырмауға тырысады. Келген пайда көзін әр ай сайын дұрыс бағдарлап, есептеп жазып отырмасаңыз, әрине, қаражат жинау мүмкін болмайды. Осы орайда бұл жоба нені ескеру керек, жеке және отбасылық бюджетті қалай жүргізу қажеттілігі туралы ұтымды бағыт-бағдар береміз. Несие немесе депозитты қалай таңдау керектігі, олардың ерекшеліктері туралы ақпараттандыратын боламыз. Сондай-ақ «несиеге байланысты қарыздары бар азаматтар қалай несие жүктемесін азайтуға болады, егер қазір төлем қабілеті болса, оны қандай тәсілдермен жеңілдетуге болады?» деген сияқты салмақты сауалдарға жауап ала алады. Жоба аясында білім алғанын дәлелдеу үшін арнайы сертификат табысталады. Ол тек барлық дәріске толық қатысып, біліктілігін жетілдірген жандарға бұйырады. Биыл облыс көлемінде 8 мыңнан астам адамды оқыту жоспарлануда. Қаржы сарапшыларының саны – бесеу. Ақпаннан мамыр айына дейін Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Сырдария аудандарын және қаладағы оқуға ниет білдірген жандардың бәріне дәріс өтілді. Қазір Арал және Қазалы аудандарында сабақ берудеміз. Шілде айында Қармақшы, Байқоңыр аудандарын қамтымақпыз. Тағы да айта кететін жайт, оқудың соңғы кезеңінде табыстарды арттыру үшін кәсіп ашу жолдарын түсіндіреміз. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттарын үйретеміз. «Қарызсыз қоғамның» қаржы сарапшылары қалай таңдалғанына келетін болсақ, былтырғы желтоқсан айында арнайы талапқа сай мамандарды іріктеу жұмыстары жүрді. Алғашқы кезеңнен өткендер үшін Астана қаласында арнайы қаржы саласының маманы, профессор 3 күн сабақ берді. Арнайы тест тапсырдық, сондай-ақ сұхбаттасу кезеңінен де өттік. Тек жақсы нәтиже көрсете білген мамандарды сарапшы болуға лайық деп танып, жобаға үлес қосуға мүмкіндік берді. Іріктеу жұмыстары өте мұқият және қатаң түрде бақылауда болды, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысындағы қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен.

Түйін. Мемлекет экономикалық нарықтағы жағдайды жақсарту үшін көптеген жүйелі жобаны жүзеге асыруда. Соның ішінде «Қарызсыз қоғамның» да жүгі ауыр. Қаржылық білімнің аздығы халқымыздың өсіп-өнуіне бірден бір кедергі, ал осы орайда қаржылық білімнің бір ізді болғаны дұрыс. Бұл жоба Қазақстандағы экономикалық тұрақтылықты нығайтып, қаржылық сауатты қоғам құруға елеулі үлес қосады деген ойдамыз. 

 

Қорлан САРЫ

Фото: dksokol.ru

Тағы да оқыңыз: