Kyzylorda-news.kz Кеше Жаңақорған ауданында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған пресс-тур аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Жаңақорған Автоматтандырылған Газ Тарату Станциясын (АГТС) кеңейту» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жаңақорған ауданы аумағында жүзеге асып жатқан бұл маңызды инфрақұрылымдық жоба – қолданыстағы «Жаңақорған АГТС»-тің қуатын 20 000 м³/сағаттан 40 000 м³/сағатқа дейін ұлғайтуды көздейді. Жобаның жалпы құны – 2,3 млрд теңгені құрайды.

Құрылыс жұмыстарын «Транс Азия Констракшн» ЖШС жүргізуде. Ал қажетті технологиялық құрал-жабдықтар «Батыс Мұнай Газ Жабдықтары» ЖШС тарапынан жеткізіліп, бүгінде 13 блок-модуль мен тиісті құрылғылар толық орнатылды.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 98 пайызы орындалып, нысанды ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында толық аяқтау жоспарлануда.

Айта кетейік, жоба іске қосылған жағдайда аудандағы 8 елді мекеннің (Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Билібай) тұрғындары мен кәсіпорындары көгілдір отынға қосылады. Бұл – 1793 тұрғын үй мен 11604 халықтың өмір сапасын жақсартуға сеп болмақ.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдері «Шалқия тас» ЖШС-нің бастамасымен жүзеге асып жатқан асфальт шығару зауытының құрылысына барды. Аталған жоба жыл аяғына дейін іске қосылады. Жоба аясында дайын асфальт өнімдері шығарылмақ.

Қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 88 пайызы аяқталған.

Жоба бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Мемлекеттік қолдау аясында зауытқа 6 гектар жер телімі берілді. Жоба құны – 700 миллион теңге. Жоба іске қосылған жағдайда 10 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаның құрылтайшысы — «Engineering & Construction Company» («ЕСС») ЖШС, компания басшысы Ашимов Талғат Әзімханұлы.

АСФАЛЬТ ШЫҒАРУ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ.jpg

Тағы да оқыңыз: