Kyzylorda-news.kz  Байқоңыр қаласының кәсіпкері Сейфулла Ажмолдаев басқаратын «Техносервис» мекемесі кәсіптің түр-түрімен айналыса отырып, өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан ауданымыздағы бірден-бір ірі кәсіпкерлік нысан.

Мекеме өңір тұрғындарын таза фильтрленген ауыз сумен қамтамасыз етеді және пластик есік-терезе, оны құрумен айналысады. Сондай-ақ Байқоңыр қаласы мен ауданның көлік жүргізушілерін түрлі жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді.

Міне елге сапалы кәсіпкерлік қызметін көрсетіп, құрметке бөленіп отырған осындай мекеменің тарихына зер салсақ, ол 1996 жылы жанармай құю бекеті арқылы қызметін бастаған. Кәсіпкерлік мекемесі әрі қарай көліктерге техникалық қызмет көрсету және көлік жуу орталығымен байқоңырлықтар тарапынан түскен сұраныс бойынша қызметін жалғастырады.

– Мекеме «МИР-2001» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып құрылды. Осы жылы Төретам стансасында №2 жанармай құю бекетін іске қосты. Сонымен қатар 2003 жылы кәсіпкерлік нысанның өрісі кеңейіп, Жосалы кентінен тағы бір жанар-жағармай құю бекеті жұмысын бастады. Осы жылы қала орталығынан «Автобөлшектер» дүкенін ашып, өңір тұрғындарының қажетін өтеді. Сондай-ақ тұрғындарды күміс иондарымен байытылған, өңір халқына «TS Water» сауда маркасымен танылып жүрген таза фильтрленген 19 литрлік пластик бөтелкедегі ауыз сумен қамтамасыз етуді бастадық, – дейді кәсіпкер бізбен әңгімесінде.

Ел игілігіне арнаған қызметін одан әрі дамыту мақсатындағы жұмысын мұнымен тоқтатпаған кәсіпкер 2014 жылы бетоннан құйылған түрлі плитка мен бордюр сынды құрылыс материалдарын өндіретін шағын зауытты іске қосты.

Бүгінде Сейфулла Ажмолдаев басшылық ететін шағын зауыт аймақ бойынша құрылысқа қажетті сапалы өнімдер өндіріп отырған бірден-бір кәсіпорын.

– 2016 жылы мекемеміз аудан бойынша оператор статусын алғаннан бастап, біздер өңірге қарасты мекемелерді жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп келеміз. Жосалы кенті аймағында орналасқан бетон зауытымыз үшін негізгі шикізат көзіне айналған «Ордазы» құм жинау аймағын игілігімізге жаратып отырмыз. Онда түрлі қалыптағы бордюр, қиыршық тас өндіріп, оны өзге кәсіпорындарға жіберудеміз. Өңір тұрғындарының демалысына үлесімізді қосуда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаражат алып, Ақай ауылынан «WATER HOUSE» атты монша-сауықтыру кешенін Байқоңыр, Төретам және Ақай елді мекендері тұрғындарының игілігіне пайдалануға бердік. Бүгінде жаңашыл бағытта салынған кешен өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде, – дейді сан түрлі кәсіптің тізгінін ұстап отырған Сейфулла Ажмолдаев.

«Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген тәмсіл бар қазақ даналығында. Әрине, «Адамның адамдығы адалдығымен және төккен термен бағаланады» дегендей, кәсібінен береке тапқан белгілі азамат көмекке зәру көптеген жанға көмек қолын созудан тартынып қалмайды. «Өсіп, өркендегіңіз келсе, айналаңа жәрдем беріп, тапқан табысыңмен бөлісіп отыруыңыз керек. Сонда ғана ісіңіз өрге басып, елдің алғысына бөленесіз» дейді ол сөз соңында.

Тағы да оқыңыз: