Kyzylorda-news.kz. Кәсіпкерлік еңбектің басқа түр¬лерінен оқшауланып тұрады. Атақты неміс экономисі, Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетердің «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген сөзі соның айғағындай. Өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгеленте алады. Бұл туралы француз экономисі Жан Батист Сейдің «Кәсіпкер – адамдарды өндірістік ауқымда ұйымдастыратын адам» деген анықтамасы бар.

Райхан Мәлікова өзі тұратын ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылынан аралас сауда дүкенін ашқанына бес ай болды. Осы уақыт аралығында дүкенге келушілердің қатары қалың, себебі сауда орнында тұрмысқа қажетті барлық тауар сатылады. Ауыл тұрғындарының игілігіне ашылған сауда орны «Ақ сұңқар» деп аталады. Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Ғабит Қасымов пен Райхан Мәлікова кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгергеніне ширек ғасыр болды. Әдепкіде кент орталығындағы дүңгіршекте сауда жасап, тұтынушыларына велосипед бөлшектерін сатумен айналысқан кәсіпкер бизнесін кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргендердің алдыңғы қатарында болды.

– Ауыл тұрғындары мал бағумен күн көреді. Сондықтан мал бордақылаумен айналысу ауыл тұрғыны үшін таңсық емес. Осыдан үш-төрт жыл бұрын мал бордақылау мақсатында қайтарымсыз екі миллион теңге қаржы алдық. Арада бірнеше жыл өткен соң мемлекеттік бағдарлама негізінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында берілетін жоба жеңімпазы атанып, мал басын көбейту мақсатында жеңілдетілген пайызбен бес миллион теңге қаржы алдық. Күн сайын кәсіпкерлікті кеңейту үшін еңбек етіп, табыс тауып, ауылдан аралас сауда дүкенін ашуға мүмкіндік алдық. Тұрғындарды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған ауылдағы бірнеше дүкеннің қатарына қосылып, халыққа тиімді бағамен азық-түлік өнімдерін сатумен айналысудамыз. Жалпы дүкен ашудың оңай еместігіне, машақаты көп екеніне куә болдық. Бұл дүкеніміз халық үшін тиімді болады деген ойдамыз. Әрі өнімдердің бағасы да қолжетімді, – дейді дүкен иесі Райхан Мәлікова.

Осылайша 49 жастағы кәсіпкер кәсібін дамытуға бел буып, халыққа тиімді бағамен азық-түлік ұсынып отыр. Тауар бағасы да аудан орталығындағы дүкендердегі бағамен бірдей, тіпті кейбірі төмен деп пікір білдірген ауылдастары жаңа дүкеннің ашылғанына дән риза.

– Ғабит пен Райхан өздерінің еңбек¬қорлығы мен жігер-талаптарының арқасында отбасылық бизнесті жандандырып, дамытып отыр. Ауылға үлгілі отбасы екі бала тәрбиелеуде. Отағасы да өте еңбеккеш. Мал басын көбейтіп, оны бордақылап, тұрғындарға тиімді бағамен үйлестіріп отыр. Дүкендегі азық-түліктің де бағасы қалта көтереді. Ауыл тұрғындары ауданға сабылмай осы дүкеннен барлық керек жарағын алады. Алдағы уақытта азық-түліктің баға¬сын тұрақты ұстап тұрса, тұрғындар да дән риза болады, – дейді ауыл тұрғыны Елдос Жаппасбаев.

Негізінен дүкенге қажетті азық-түлікті Қызылорда қаласынан тасымалдайтын кәсіп¬¬кер қажетті тауар күнделікті келетінін айтады. Сонымен қатар қазіргі кезде түрлі фирмалар жеткізу қызметін ұсынатындықтан тауардың сан алуан түрін таңдауға да мүмкіндік бар.

Жалпы ауданымызда кәсіпкерлік саласына қолдау артып келеді. Тек кәсіпкерлік нысандардың ашылуы ғана емес, мемлекеттік грант алып шаруасын дөңгелетіп отырғандары да бар. Ал Сәкен Сейфуллин атын иеленген ауылдан жаңадан ашылған дүкен сөре-лерінде азық-түліктен басқа түрлі тұрмысқа қажетті заттардың бәрі табылады. Ұсақ-түйектен бастап, азық-түлік өнімдерінен нан, сүт өнімдерінің де сан алуан түрі бар. 

Тағы да оқыңыз: