Kyzylorda-news.kz Соңғы жылдары ауданымызда жақсы тенденция қалыптасуда. Ол ауыл халқының шаруашылықтардан бөлек, өндіріске де өріс қоя бастағаны. Оған дәлелді көптеп келтіруге болады. Біз соның бірі – Дауылкөл ауылдық округіндегі газоблок шығарып жатқан Жанболат Бекпановтың кәсібіне тоқталмақпыз.
Жанболат Төребекұлы 1993 жылғы азамат. Осы шайыр ауылының тумасы. «Дәулетті болғыңыз келсе, кәсіппен шұғылдан» деген қағида ертеден аталарымыздан келе жатқан даналық. Бұл – кәсіптің, істің көзін таба білгеннің тұрмыс-тіршілігі сәулетті де дәулетті, бақуатты болатынын меңзейді. Кәсіп деп айтар ауызға оңай болғанымен, оның да өз басына жетіп артылатын машақаты бар. Солай екен деп қорқақтаудың да қажеті шамалы. Алға қадам басып, тәуекел ету, арман-мақсатқа қарай жүру – адам өмірін мағыналы етумен қатар, белгілі биіктерге көтереді. Материалдық жағынан қамтып, тәуелсіз етеді. Біздің кейіпкеріміздің де осы ойлар көптен мазалап, бір шешім шығаруына сеп болған еді. Сөйтіп, өткен жылы кәсіп ашуға бел буады. Жай шешім шығарып қана қоймай, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдауларға арқа сүйемекке бекінеді. Осылайша ол жыл соңына қарай «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘӘК» 8 млн 600 мың теңге несие алып, газоблок қыштарын шығару кәсібін қолға алады. Берілген несие-қаражатқа өндіріске қажетті құрал-жабдық, саймандарын алып, «екі қолға бір күрек» деп іске ә дегеннен кірісіп кетеді.
– Осыған дейін құрылыс саласында жұмыс істедім. Кәсіп бастауда соншалықты қиналғаным жоқ. Өйткені құрылыс жұмысы маған таңсық емес. Қасыма бір адамды жұмысқа алғанмын. Екеуміз бірге істеп жатырмыз. Бұған дейін аздап қол үйретіп, шамалы мөлшерде құйып келдік. Әзірге үйдің ауласынан құюдамыз. Күніне 120 газоблок шығарамыз. Оның құрамына цемент, құм керек болса, сонымен қатар қосымша химиялық қоспалар да қосылады. Оларды арнайылап Алматыдан алдыртамын. Келешекте цех етіп ашсам деген жоспарым бар, – дейді шағын кәсіптің иесі өз сөзінде.
Жалпы газоблок қазіргі таңда тұрғын үй, басқа да құрылыс жұмыстарында жиі қолданылатын құрал. Жанболаттың да өніміне сұраныс көбейген. Оған қоса, бағасы қолжетімді. Әр данасын 750 теңгеден саудалауда. «Сұраныс жаман емес. Бастысы – сапасына көңіл бөлудеміз. Сапалы заттың қашанда өтімі жақсы болады. Сайып келгенде не нәрсенің де бәрі еткен еңбегіңізге байланысты. Жұмыссыз жүрген азаматтар мен жастар болса, қолыңыздан келген шаруаны кәсіпке айналдыруға мүмкіндік екенін баса айтқым келеді» дейді ол.
Сәрсенкүл АҚКІСІ