Kyzylorda-news.kz Қазақ халқының ескі заман дәуірінен сөнбес мұра болып, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, ұзақ жылдар өзіндік тарихымен елімізді бүкіл әлемге мәдени қол өнерімен танытып келген «далалық өркениеттің» алтын бесігі Ұлы Дала кеңістігінде қалыптасқан. Қазақ халқы мол байлығымен республика жерінде ескіден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді, салтты өркендетуші, ары қарай жаңғыртып, байытушы.

Осы ретте елімізде 22-23 сәуір аралығында Қазақстан қолөнер шеберлерінің республикалық «Киіз басу» форумы өтуде.

Бүгін форум аясында Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылдық округінде құрылған «Бәйтерек» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің ашылу салтанаты өтті.

Аталған кооператив жүннен жасалатын бұйымдар дайындау цехын ашып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 27,6 млн  теңге жеңілдетілген жылдық 2,5%-бен пайызбен несие алып, бүгінгі таңда өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл кәсіпорында 6 адам жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын иесі несие қаражатына жүн өңдейтін арнайы құрылғылар, теріге арналған тігін машина, жүн тарауға арналған түрлі құрылғыларда сатып алған. 

Кооператив ауыл тұрғындарының жүн, тері жинап, оны өңдеу арқылы ұлттық нақыштағы киіз үй бұйымдарын шығаруда. Бұл өңір өнеркәсібі үшін үлкен жетістік. 

Жалпы Сырдария ауданы бойынша өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жалпы құны 234,7 млн. теңгені құрайтын 23 жоба қаржыландырылған болса, оның ішінде Айдарлы ауылы бойынша жалпы 55,2 млн. теңгені құрайтын 2 кооператив қаржыландырылды.

 

Тағы да оқыңыз: