Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданының тұрғыны Наурызбай Айымбетов ауылда тұрғанымен қарап жатпай, өз кәсібін бастаған. Ол «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 3 944 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылыжай тұрғызған. Бүгінде бұл жерден қияр мен қызанақ өнімдері алынып, ауыл тұрғындарына қолжетімді бағада сатылып келеді.
«Жылыжай – бір күндік тірлік емес. Күнделікті күтім, уақтылы бап, тұрақты еңбек қажет. Қазір өзіміз күтіп-баптап отырмыз. Отбасымызбен бірге істейміз. Бастысы – халық разы, өнімге сұраныс бар, – дейді кәсіп иесі.
Жылыжайдың жалпы көлемі ауыл тұрмысына бейімделген. Жылы мезгілде өнім молырақ алынса, қыста да қажетті жағдай жасалған. Қазіргі таңда қияр мен қызанақтың көлемі өсіп келеді және қосымша шабдалы, анар, жержаңғақ секілді пайдалы өнімдердіде өсіреді. Алдағы уақытта өнімдерін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бұл кәсіп – тек отбасының табыс көзі емес, ауыл ішіндегі азық-түлікке деген сұранысты да азайтып отыр. Сырттан тасымалданатын өнімге қарағанда, жергілікті әрі жаңа үзілген көкөніске сұраныс жоғары. Осы арқылы ауылдың азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосылып отыр.
«Ауыл аманаты» жобасының да көздеген негізгі мақсаты аулдағы ағайынның тұрмыс жағдайын арттыруға бағытталған еді. Демек, жоба өз нәтижесін беруде деп толық айтуға болады.
Ауылда отырып-ақ, кәсібін дөңгелетіп, қоғамға пайдасын тигізіп отырған Наурызбай Айымбетовтың игі бастамасы ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндік беріп, жастардың еңбекке деген көзқарасын өзгертуге сеп болары сөзсіз.
Атап өту керек, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында өткен жылы облысқа 2,5 млрд. теңге қаражат бөлініп, өңдеу, кооперативтерді дамыту және азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге берілген болатын.
Фото: облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы