Kyzylorda-news.kz  Елімізде кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге басымдық беріп келеді. Соның арқасында бүгінде қолынан іс келетін кез келген азаматтың жеке ісін бастап, кәсібін ашуға мүмкіндігі зор. Бұл ретте кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың да маңызы зор екені белгілі. Қазір осы мүмкіндікті тиімді пайдалануды көздеген қаншама тұрғын жеке кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отыр.

 Кәсіпкерлік саласы тек алып-сатудан тұрмайтыны белгілі. Бүгінгідей дамыған заманда қандай да бір істі табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік көп. Әсіресе, он саусағынан өнер тамған азаматтардың қолы қашанда алтын. Ал олардың шығарған туындысы сапалы әрі баршаға қажетті дүние. Қазіргі таңда елімізде шағын өндіріс орындарын ашуға да басымдық беріліп келеді. Бұл ретте «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп отырғандар баршылық. Соның бірі – Арал ауданының тұрғыны – Бақбергенов Серік Шұхманұлы.

  Кейіпкеріміз қолөнер шебері. Өмірінің ширек ғасырдан астам уақытын ағаш өңдеу ісіне арнаған ол осы бір қабілетін табыс көзіне айналдырған. Сондықтан ол оны одан әрі жетілдіру мақсатында шағын өндіріс ошағын ашуды көздейді. Солай «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 4,5 миллион теңге қаражат алып, ағаш өңдеу шеберханасын ашады. Кәсіпкердің шеберханасы өзіне қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өндіріс орнында Қытайдың заманауи жаңа үлгідегі 6 аппарат орнатылған. Олардың көмегімен ағашты жону, бұрыштарын өңдеу және бір деңгейлі шығару жұмыстары сапалы әрі тиімді орындай алады. Бұл өз кезегінде кәсіпкердің тапсырысты сапалы әрі тез уақытылы орындауына мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндікке қолөнер шебері бағдарлама көмегімен қол жеткізіп отыр.

 Жаңа өндіріс ошағы ашылғалы бері тұрғындардан түсетін тиапсырыс көлемі де артқан. Кәсіпкердің айтуынша, көбіне балабақшалар мен мейрамханаларға қажетті жиһаздарға, тұрғын үйлердің баспалдақтарына сұраныс жоғары екен. Кәсіпкер алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, жұмыс орындарын арттыруды жоспарлап отыр. Оның негізгі мақсаты – жергілікті халықты қолжетімді әрі сапалы ағаш бұйымдарымен қамтамасыз етіп, аудан экономикасының дамуына өз үлесін қосу.

 Мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсысы болсын қолынан іс келетін азаматтарды қолдауға бағытталған. Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрген кәсіпкерлер жетерлік. Олар экономиканың әр саласында еңбек етіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етіп келеді. Бұл да мемлекеттің халыққа жасаған қамқорлығының бірі деуге негіз бар. 

1_Auyl_amanaty_zhobasy_ayasynda_a_ash_sheberhanasy_ashyldy_419b4ac88d.jpg

Тағы да оқыңыз: