Kyzylorda-news.kz Қазір көп жүргізуші шетелдің осыдан бірнеше жыл бұрын шыққан көлігін мінуге ынтық. Неге десеңіз, олардың жылы төмен болғанымен сүйегі мықты, жүріске шыдамды дегенді алға тартады. Алайда уақыт өте олардың шанақ бөлшектерінің түпнұсқасы бүгінде тікелей зауыттан шықпайды. Тапқанның өзінде біреудің бөлшектелген машинасынан қып-қызыл ақшаға сатып алып, көлігіңізге келістіресіз. Енді бұл мәселенің де күрмеуі шешіліп келеді. Қармақшылық Мұхамедәли Қалбаев ауданда көліктің бамперін жасап шығаруда.
Бүгінде ауыл еңбеккерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруды көздеген «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсетіп, халық арасында зор сұранысқа ие болуда. Жобаның жүзеге асып жатқанына жылдың жүзі болды. Аталмыш жоба ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін түзеуге бағытталған. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бүгінде мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант пен аз пайыздық несие арқылы аудан көлемінде біршама кәсіпкер көкжиегін кеңейтіп, шаруасын ширатып отыр. Айталық, өткен жылы аудан бойынша 45 адам осы бағдарлама негізінде несие алды. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік болмақ.
Кәсіпкердің шағын цехын Жосалы кентіндегі теміржолдың арғы бетіндегі орналасқан. Цехқа айналған ескі үйдің ішінде у-шу қызу тіршілік. Ауласында жиналған түрлі маркалы көліктің бамперіне қарап мұнда жұмыстың тынымсыз жүріп жатқанына қанықтық. Өкінішке қарай кәсіпкердің ауылда болмауына байланысты оның туған інісі Нұржан Қажымұханұлымен кәсіп жайында тілдестік.
– Кәсіптің бұл түрін ағам Алматыға барып оқып, үйреніп келді. Ол жақта пластик бұйымдар өндіретін үлкен цех бар. Сонда біршама уақыт жұмыс істеп, қыр-сырын меңгеріп, өзіміздің ауданда жұмысты ұзатпай бастады. Ағамнан мен үйреніп, қазір тапсырыстың түр-түрін қабылдап жатырмыз. Бізге көбіне немістің «Аudi», «BMW» «Mercedes» маркалы көліктеріне бампер жасатады. Өйткені бұл көліктер бөлшегінің түп нұсқасы таптыра бермейді. Тапқанның өзінде сатушы тұтынушыға қымбатқа сатады. Сондықтан қол жетімді бағаға бізге келіп жасатады. Цехта арнайы бампердің матрицасы станокта дайындалады. Матрица дегеніміз – кәдімгі қалып. Сонда көлік бөлшегі өндіріледі, – дейді Нұржан Қажымұханұлы.
Мұхамедәли бизнес бастауға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен үлкен көлемде несие алған. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен енді сұранысқа ие бірнеше көлікті бөлшекпен қамту жоспарында бар. Тек тынбай еңбек ету керек. Бүгінде оның кәсібінен құлағдар болғандар сырттан да келіп тапсырыс беруде.
Нұржан жасаған жұмысының нәтижесін көрсету үшін дайын болған мерседес көлігінің бамперін және оның шикізат құрамымен таныстырды.
– Жалпы бампер жасауға қажетті шикізаттар – эпоксидті шайыр, шыны талшық, щетка, полистирол, полиуретанды көбік және донорлық бампер. Бұл заттар негізі Ресей мен Қытайдан келеді. Бір бамперді дайындау үшін екі сағат уақыт жұмсалады. Әрі қарай кепкеннен кейін артық жерлерін кесу секілді майда қол жұмыстары басталады. Бұл жасалған бампердің сапасы базарда тұрған пластикалық бамперден екі есеге мықты. Бір адамның салмағын көтереді. Әрі орташа соққыларға төтеп бере алады. Бұл шикізаттардан жалғыз бампер емес, балаларға арнап бассейін, автобокс, қайық, тағы басқа көп нәрсе жасауға болады. Егер тапсырыс болса, дайындап береміз, – дейді кәсіпкердің інісі.
Цехта басқа да көліктерге арналған матрица баршылық. Қажет десеңіз сіз қалаған заманауи сәнді түрлері де жасалады. Тек ойыңыздағыдай көрсетіп берсеңіз болды. Бағасы да қолжетімді. Кәсіпкердің бұл жұмысына ерлер жағы қатты қуанғаны белгілі. Себебі көлігінің шанағына қажетті бөлшекті таба алмай жүрген жүргізушілер қаншама?! Базарға барсаңыз бір бампердің бағасы қалтаны қағып түсіреді. Ең бастысы, кәсіпке қай кезде де қолдау керек. Расымен сұраныс бар жерде өнімнің сапасы да артатыны сөзсіз.