Kyzylorda-news.kz Жалпақ жұрттың жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарлама аз емес. Соның бірі – «Ауыл аманаты». Ауыл еңбеккерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруды көздеген бұл жоба өз тиімділігін көрсетіп, халық арасында зор сұранысқа ие болуда. Ел ішінде қолтығымыздан демесе, дем беріп жебесе, нарық айдынында судағы балықтай еркін жүзіп кетер едік деген сөз жиі айтылады. Әрине, дүние құралу үшін оң жамбасына келетін іс бастау үшін де алғашқы қаражаттың қажет екені белгілі. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауласын табыс көзіне айналдырып, кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі қуаңдариялық – Ләззат Айтұрсынова. Ол осы бағдарлама шеңберінде қаз өсіру бизнесін қолға алған. Жуырда Қуаңдария ауылына барған іссапарымызда кәсіпкермен жолығып, жұмысымен танысып қайттық.

–        «Ауыл аманаты» жобасының ел үшін игілігі мол. Күйеуіммен бірге отбасылық бизнес бастаймыз деп шештік. Еш өкінбейміз. Осыған дейін жылқы бағыты бойынша да кәсіп істеп көрдік. Биыл 4 млн теңге 2,5% жеңілдетілген несие алып қазды көбейту және тауыт еті бойынша кәсібімізді бастаған болатынбыз. Оған керек-жарақ пен құстарды сатып алдық. Қазды көбейтіп, алғашқы легін сатып жібердік. Қазір 30-ға жуық балапанын алып өсіріп жатырмыз. Қосымша Ресейден «несушка» деп аталатын 560 тауық алдық.  Күн сайын жұмыртқа алып, жергілікті тұрғындарға, көршілес елді мекендерге, Қызылордаға көтерме бағада өткізіп отырмыз. Өніміміз тез өтіп кетеді, – дейді кәсіпкер.

«Несушка» деп аталатын бұл тауықтар (қоразсыз) арнайы жемнің көмегімен жұмыртқалайды екен. Бүгінде тұрақты түрде күніне 250 дана жұмыртқа шығарады. Құстардың қорасына кірген соң олардың тұмсықтарындағы тұрған қызыл дүниеге көзіміз түсіп, тауықтың ерекше бір түрі болар деп топшылап едік. Біздің таңданысымызды байқаған кәсіпкер де «ол тауықтың көзілдірігі ғой» деп күлді.

– Әдепкіде тауықтар бірін-бірі шұқып біраз әбіржіп қалдық. Кейіннен Шымкент қаласынан осындай тауықтарға арналған көзілдірік болады дегенді естіп, тапсырыс беріп алғыздық. Мұның көмегімен бір-бірін көрмейді, тек тұмсығының астындағы жемді ғана көреді. Бұларға да бап керек. 3 мезгіл жем-суын тұрақты түрде беріп отырмыз. Жолдасым Каналбек кәсібіме болысып, бір жағымда қолдау көрсетіп отырады. Балаларым да қолдан келген көмегін аянып қалмайды. «Қыстың қамын жаз ойла» деген емес пе?! Қазір осы құстардың қысқы жайын ойлап сарай салып жатырмыз. Мемлекет тарапынан берілетін бұл несиенің тиімділігіне тәнті болып, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Ләззат Айтұрсынова.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп жатамыз. Ауданнан тілшілер келеді дегенді естіп ақ жаулықты әжеміз аула ішінде күтіп отыр екен. 90-ға келген Жұмаш Мекебаева есімді әжеміздің әліге дейін әуелете ән шырқайтын өнері бар екен. Біз де қолқа салып, бір ән айтып беруін өтіндік. «Тамағымның ауырып отырғаны-ай» деп қынжылып қалды. Бірақ көңілімізді жықпай Қасым Аманжоловтың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» әнін айтып берді. Ауырғанына қарамастан дауысы сол қалпында тұр. Ауылдың қай үйіне бара қалсаңыз да құрт пен майы, ірімшігі мен ағарғаны дастарқаннан үзілмейді екен. «Нан ауыз тиіңдер» деп астан дәм ұсынды да, әжей бізді бата беріп шығарып салды. Біз де келінінің бастап жатқан кәсібінің берекелі болуын, табысының артуына тілектестік білдірдік. 

Тағы да оқыңыз: