Kyzylorda-news.kz Кішкентай цехтың есігі ашылған сәттен-ақ тәтті иіс сезіледі. Бұл иіс – тек кондитерлік өнімнің емес, маңдай термен келген табыстың белгісіндей. Арал қаласында ашылған кондитерлік цех осылайша ауыл тіршілігіне жаңа тыныс әкелді. Күн сайын мұнда тәтті өнімдер дайындалып, тұрғындардың дастарқанына жол тартады. Бұл кәсіп – «Ауыл аманаты» жобасының нақты нәтижесі.
Жоба аясында жеңілдетілген несие алған кәсіпкер Аңсаған Мұхиядинқызы кондитерлік цех ашып, өз ісін бастады. Бүгінде бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол 7 млн 130 мың теңге көлемінде төмен пайыздық несие алған. Цехта дайындалатын торттар мен шағын десерттер аудан орталығы мен жақын ауылдарға жеткізіледі. Өнімге деген сұраныс та күн санап артуда.
Кәсіпорын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Италияда жасалған пештер сапалы әрі дәмді өнім дайындауға мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда цехта 7 адам еңбек етеді.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекет қолдауы өз ісін бастауға үлкен серпін берген. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, нан өнімдерін шығаруды жоспарлаған.
– Қыз-келіншектер көбіне тәтті пісіруге қызығушылық танытып жатады. Менде «қолымнан қандай іс келеді, қандай жұмысты көп алып кете аламын»? - деп көп ойланып, өз-өзіме сұрақ қойдым. Осылайша кондитерлік цех ашуды жоспарладым. Мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктер кәсіпті енді бастағандарға демеу болды. Сондықтанда берілген мүмкіндікті пайдаланған жөн деп шешім қабылдадым. Қазіргі таңда 7 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік болды. Болашақта өзге кәсіпкерлер секілді кәсібімді дөңгелетіп, жұмыссыз адамдар санын азайтуға септігімді тигізсем деген ниеттемін, – дейді жас кәсіпкер.
Бұл – бір адамның еңбегі ғана емес, бұл – ауыл кәсіпкерлігінің дамуына бағытталған нақты қадам. «Ауыл аманаты» жобасы еңбекке сенген жандарға жол ашып келеді.
Мерей Жалғасбек
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
