Kyzylorda-news.kz Кәсіп ашу жасқа қарамайды. Іске икемі болса мемлекет тарапынан беріліп жатқан жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып қана қоймай, бизнестерін ашып, оны әрі қарай дөңгелетіп әкетіп отыр. Осы ретте кәсібін ашып жатқан жалағаштық жастардың саны жыл санап артып келеді.
Мәселен, «Далида» сауда үйінің ашылуын жалағаштықтар асыға күткенін жасырмайды. Бұл нысанды жеке кәсіпкер Бақыт Ахметова «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалады.
Сауда үйінің жалпы алаңы 400 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов келіп, сауда үйінің жұмысына сәттілік тіледі. Енді аудан тұрғындары жаңадан бой көтерген заманауи үлгідегі нысанда сауда жасай алады. Сауда орталығында Көкөніс өнімдері, тұрмысқа қажетті заттар, ет өнімдері, техникалық аксессуарлар халыққа тиімді бағада ұсынылатын болады.
Сауда нысаны алдағы уақытта аудан экономикасының әлеуетін арттырып, сауда бәсекелестіктігін дамытуға және баға тұрақтылығын сақтауға септігін тигізетін болады.
– Аудан орталығына үлес қосқанымыз үшір қуаныштымын. Ғимаратымыз заманауи үлгіде салынды. Халықтан бата алып жатырмыз. Ел игілігіне жұмыс жасауға ниетті. Бізде 11 шағын дүкендер бар. Сауда сөрелерінле ет өнімдері, көкөністер бар. Сауда үйінің ашылғанына халық та қуанышты, біз де қуаныштымыз, – деді кәсіпкер.
Жалағаш ауданының құрылыс саласында да қарымды істер жетерлік. Қайтарымсыз грант алған кәсіпкер бүгінде құрылыс заттарын шығарып жатыр. Қазірде «Бибігүл апа» дүкені түгел ауданды құрылыс заттарымен қамтамасыз етуде. Жарға жапсыратын түрлі түс қағаздар, желімдер, ұнтақтарды бір дүкеннен-ақ табуға болады.
Бүгінде аядай ғана жерді ауқымды құрылыс дүкеніне айналдырып, татымды тірлік атқарып жатқан кәсіп иесі өнімдерін Қызылорда қаласына да жөнелтіп жатыр. Алдағы уақытта Шымкент, Ақтөбе қалаларын қамту жоспаларында бар. Бұл жүйелі жұмыстың барлығын кәсіп иесі Ерлан Рашидов мемлекеттік қайтарымсыз грант арқылы жолға қойған.
– Құрылысы былтыр көктемде басталды. Қазірде кәсіпорыннан кафель желімдері, үйдің төбесі мен еденге пайдаланатын 6 түрлі өнім шығады. Құрылыс заттарын дайындауға 6 жұмысшы жұмылдырылған. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие ұсынылып жатыр, осы зауытты салуға көп көмегі тиді. Қолдау бар. Өндіріс орындарын көптеп салу кәсіпкерге ғана емес аудан тұрғындары үшін де тиімді. Бағасы нарықтан арзанға түседі, сонымен бірге жұмыссыздықты азайтар еді. Ерінбей кәсіптің көзін зерттесең мемлекеттен қаржылық көмек ұсынып жатыр, – деді кәсіпкер.
Күн санап кәсіпке ден қойғандардың қатары артуда. Бірі мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып тың идеясымен жаңа кәсіп бастаса, енді бірі дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі ұлғайтып, көкжиегін кеңейтуде. Солардың бірі – Нұргүл Алтыбаева. Ол мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кондитерлік өнім шығару ісін қолға алған.
– Мен маусым айында қайтарымсыз грантқа өтінім білдіріп, жеңіп алдым. Пештер мен миксерлер және басқа қажет құралдарды алдым. Түрлі пішіндегі, өзгеше дизайндағы торттарды шығарудамын. 2010 жылдан бері торт дайындаға қызығып жүретінмін. Сол қызығушылығым кәсіпке айналуда. Күніне тапсырысқа қарай 9-10 торт жасаймын. Алдағы уақытта осы кәсіптің көкжиегін кеңейткім келеді,- деді Нұргүл Алтыбаева.