Kyzylorda-news.kz Ауыл тұрғыны Асылхан Исмаилов бірнеше жылдан бері жылқы бордақылау ісімен айналысады. Жерлестерін табиғи, таза жылқы етімен қамтамасыз етіп келеді. Біз барғанда мал қораны тазалап, маңдайы терлеп, еңбектеніп жатыр екен. Қолын кеудесіне қойып, «ассалаумағалейкүм» деді де, жөн сұрады.
– Негізі бір уақыттары мұнай компаниясында жұмыс істеп жүріп, қысқартуға іліктім. Жаңа қадам бастау керек болды. Көп ойланбадым. Ет бағытында жылқы бағып, халыққа табиғи таза өнім ұсынсам, ол да бір үлкен сауап әрі кәсіп боларын ойладым. Мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, несібемді арттырып келемін, – деп сөз бастаған кәсіпкер малдың жайын айтып, әңгімесін қайта жалғады.
– Шынымды айтсам, қазір жергілікті жылқыдан гөрі солтүстіктің және батыстың малы салмаққа жақсы. Сондықтан сол жақтан алдыруға тырысамыз. Қазір жем бағасы түсті, оған сай ет бағасы да қалтаға қонымды. Асылхан бүгінде елге мал бағумен танылып үлгерді. Жылқы етін іздегендер өздері хабарласып, таза, әрі шаруаның өзінен тікелей алуды үйренді. Кәсіпті ашып, өнімді өткізу жағын реттей алмай жатқандардың қасында кәсіпті дөңгелетіп әкеткен оның өзіндік ұстанымы бар. Біздің өнімдер ауыл халқынан ауыспайды. Халықтың ойынан шығатын сапаға қол жеткізіп, жылқыны уақытылы семіртіп отырамыз. Бұл – ғылым. Әр күнің ізденіспен өтеді. Жем-шөбінің көлемі, құрамы, бордақыда тұратын уақыты, егер ауыра қалса, оны қалай емдеу керегі – мұның барлығы үлкен ғылым. Еңбектенсең, жемісін жейсің. Жалқаулық танытсаң, омақаса құлайсың. Сондықтан жылқы бағу – еңбекқордың кәсібі, – дейді Асылхан өз тәжірибесімен бөлісіп.
Ол таң азаннан қара кешке дейін қорада жүріп, тірлігін реттеуде. Жылқы жануарының тілін тауып, бабын таба білген кәсіпкер алдағы уақытта да кәсібін одан әрі дамытуды мақсат еткен. Қаланың қызы ауылға қалай үйренді? Дүйсеновтер әулетінің шаңырағынан ақ үзілмейді. Мал шаруашылығын қолға алған отбасы Қамбар ата төлін көбейтумен айналысады. Мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, жылқы шаруашылығын өркендетіп келеді. Аядай ғана шаңырақ. Басына орамал таққан келін Жібек Сәдуақасова үйінен жүгіре шығып, сәлем салып жатыр. Қазақы қалпын сақтаған, берекелі отбасы екені көрініп-ақ тұр. Қолына шелегін ұстаған күйі:
– Үйге кіре беріңіздер, үлкендер үйде. Сиыр сауатын уақыт болып еді, – деп, мал қораға беттеді. Біз үйге кірмес бұрын ауылдағы қайнаған тіршілік қазанындағы берекелі кәсіпті көргіміз келген. Келіннің ізінен ере сауынға беттедік.
– Абайлаңыздар, – біздің сиырлар менен басқа адамды қораға кіргізбейді. Бұзауларын қызғанғаны шығар, – деді біздің таңданысымызға мән берместен. Кәдімгі албар. Ноқталанған қос бұзау құйрығын аспанға көтере шапқылап жүр. Бір кезде қара сиыр бас көтерді. Алдындағы астауға салынған жемнен басын алып, бізге қарай бір-екі қадам басып еді, ауылда малдың ортасында өскен біз де состиып тұрып қалдық. Апырмай, мұндай да болады екен. Мал екеш малдың өзі иесінен басқаны қораға аттап бастырмағанына аң-таң боп қалдық. Бір уақытта сиырын сауып болып, сары күшігі соңынан қалмай ере шыққан келін сыртта күтіп тұрған бізге қарай беттеді. Үрпиісіп қалғанымызға ұялып қалса керек.
– Үйде сиырды тек мен ғана сауамын. Басқаларды қораның есігінен сығалатпайды. Ана екіншісі мүлдем асау. Сондықтан оны арғы қораға байлап қойғанмын. Тұрмысқа шыққан соң жолдасыма сиыр әперуін өтінген едім, көктем шыға он сиырға дейін сауамын, – дейді өзінің де шағын кәсібінен хабардар етіп.
Ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып алып, оны мұрнынан сүйреп қалаға тартатын келіндер ойға оралды. Ауылда қалып, еңбек ететіндер санаулы-ақ. Бірақ осы тілегімізді де жасырмай айтқанымызда ол да үнсіз қалмады.
– Ауыл – береке мен молшылықтың мекені. Қазақтың қарашаңырағы деп ерекше бағалаймыз. Ауылда тұрып, мал ұстамайтындар да болады ғой. Әйтеуір, азықтүлігің табиғи, ешқандай қоспасыз. Балалардан артылған ағарғанды жұмысқа ала барамын. Қазір сүтке де, құртқа да, қатыққа да сұраныс жоғары. Жұртшылық қазір дәріленген химикаттарға қарағанда табиғи тағамдарды іздеп жүріп алады. Рас, мал ұстаған соң бейнеті де бар. Бірақ сол қиындығына қарамастан еңбек етсеңіз, Құдай несібені маңдай теріңе сай бұйыртады, – дейді ауылдың келіні. Қазақтың әрбір қызы да, келіні де осындай болсыншы дедік іштей. Туған жерге туын тігетін әрбір қазақ баласына осындай жар бұйырсын. Қазақтың «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген керемет сөзі ойға оралып, бір сәт серпіліп қалдық.