Kyzylorda-news.kz Арал мен Жаңақорған арасындағы Сыр топырағының әрбірі табиғатына қарай бейім саласы бар. Басым көпшілігі агроөнеркәсіпке бағытталғанымен қоғамның барлық саласын түгендеуге қауқарлы. Таяуда жаңақорғандық кәсіпкер Асан Алкеевпен аудандағы кәсіпкерлік мүмкіндіктері туралы әңгілемелескен едік.
– Асан Сұлтанбекұлы, сіз – кәсіпкерсіз. Нақты қай бағыты екеніне тоқталып өтсеңіз...
– Кәсіпті әуелі азық-түлік дүкені ретінде бастадық. Тұрақты табыс, халықтың ең көп алатын өнімдері – осының барлығын есептедік. Кейін фаст-фуд өнімдеріне сұраныс артқан соң оны да қостық. Негізінен кәсіпте бір бағытта қалып қоюға болмайды. Жан-жақты болу керек. Кәсібіңді әртараптандырғанда ғана тәуекелділік азаяды. Яғни, бір бағытыңыз әлсіреп жатқанда екінші бағытыңыз оны алға сүйрейді. Кәсіппен айналысатын адам тәуекелге көп барады. Сондықтан, мына салада 100 пайыз бәрі жақсы болады деп, кесіп айту қиын.
– Кәсіпте ең әуелі тұтынушының сұранысы ғой...
– Иә, дұрыс айтасыз. Тұтынушы сұранысы басты маңызға ие. Өйткені, сол арқылы дамисың, сол арқылы алға жылжисың. Мәселе, осында. Бахраддин Тұрғанбаев деген ұстазым бар. Ол – біздің ауданды ең алғашқы болып көмірмен қамтамасыз еткен азамат. Мені кәсіпке баулыған, өзіңе де, еліңе де пайдаң тиюі керек деген ұстанымды үйреткен осы кісі. Мен оның салған сүрлеуімен келе жатырмын. Қиындық та болды, олжалы болып қуанған сәттеріміз де көп. Сондықтан өмірде бәрі бірдей жақсы бола бермейді. Ал әрбір қиындықтың артынан қайырлы күндер келеді. Күннің қайта шығу үшін бататыны тәрізді.
– Кәсіпте алға жылжу үшін не керек?
– Ең әуелі не істегің келеді, соны шешіп алып, барлығын ұйымдастыра білуің керек. Содан кейін қаржыны дұрыс ұстай білу, үйлестіре білу – маңызды. Тәуекелділік, табандылық және жүректілік – бұл кәсіпкердің серігі болуға тиіс дағдылар. Мен кәсіп ашқанда біраз қиындықтар болды. Электр энергиясы, архитектура, жер кадастры бағытында бірқатар мәселелер болды. Оның барлығының жібін жатқызып, мәселені шешу қажеттілігі туындап, біраз уақытымды жіберіп алдым. Ал бірақ дүкенге ат қоюдан маңызды қадам болмады. Ол уақытта студент едім. Әр сәтте әр түрлі атауды талқылап, тоқтала алмай жүрдік. Бір күні сабақтан кейін түсте ұйықтап қалыппын. Түсімде «Нұрлы жол» деген керемет жазуды көрдім. Айтпақшы, менің дүкенім орналасқан жер – тоғыз жолдың торабы. Автовокзалдың орнын басып тұр. Қалааралық такси автокөліктері тоқтайды. Неге «Нұрлы жол» болмасқа?! Анама хабарластым, ол кісі қолдады. Осылай ат қойылды. Бүгінде аудандағы аты алдыңғы қатарда айтылатын танымал жер. Ал біздің ауданға келер болсақ, мұнда кәсіпкерлікке көзқарасы қалыптасқан адамдар тұрады. Қай саланы қолға алса да дөңгелете жөнеледі. Бұл енді өз кезегінде ауданның орналасқан орнына да байланысты екені айқын. Жаңақорған – кәсіпке қолайлы аудан.
– Қазір тірлігі алға басқан кәсіпкерсіз. Оқу бітіріп, қолыңызға диплом алған кезіңіз қайта келсе, кім болар едіңіз?
– Менің мамандығым – «Мемлекеттік және жергілікті басқару». Сол диплом алған 2018 жыл қайта келсе, мен ойланбастан кәсіпкер болар едім. Ол уақытта да біраз ұсыныстар болған. Депутаттық сайлауға да түсіп көрдім. Негізінде кәсіпкер – ойлау жүйесі кең әрі еркін адам. Сондықтан, маңдайға халыққа қызмет көрсетуді жазып қойған шығар... Әзір бағытымды бұру ойымда жоқ. Туған жердің тамырсыз тасында да тарих сайрап тұр. Елдің кешегісі мен бүгіні ертең тарих қойнауына кетеді. Сол қойнаудың бір түкпірінде тұрғым келеді. Алтай мен Атырау арасындағы алып атырапты мекен еткен әрбір қазақ солай еңбектенсе деймін. Мәселе, бір саланы меңгеріп, сол жерде басшы болып көтерілу емес, мәселе қандай деңгейде еңбек етсең де, кіндігіңнің қаны тамған жерге маңдайыңның терін төгу. Бұл – әр қазақтың ұстанымы болуға тиіс дағды. Мен алдағы уақытта да жаңарған Жаңақорғанымның экономикасының дамуына ықпал етер бастамалардың басынан көрінгім келеді. Мен үшін ол – зор бақыт.
– Кәсіпкер – ойлау жүйесі кең адам. Керемет идеялар сізге қай кезде келеді?
– Мен көбіне жолда жүремін. Сіздерді келді деген соң көп күттірмейін деп, кетіп бара жатқан жерімнен бұрылдым. Қазақта «ер азығы мен бөрі азығы – жолда» деген сөз бар. Көп жобалармен жұмыс істеймін. Қазір Түркістан қаласында да бірқатар жобаларым бар. Жолда жүргенде жақсы идеялар келеді.
– Әңгімеңізге рақмет. Кәсібіңіз өрге жүзсін.
