Kyzylorda-news.kz  Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов қала орталығындағы өнеркәсіп саласында жұмыс жасайтын бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, туындаған мәселелерін кәсіпорын басшыларымен бірге талқылады. 

Алдымен төменгі және жоғары қысымдағы полиэтиленнен түрлі диаметрлі құбырлар шығаратын «Қуат» кәсіпорынында болды. Кәсіпорын жылына 5 мың тоннаға дейін шикізатты өңдеуге мүмкіндігі бар. Өндірілетін құбыр өнімдеріндегі Қазақстандық (жергілікті) қамтудың үлесі 67%-ын құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Өндіріс орнында 40-тан астам жергілікті маман қызмет етеді. 

Онан кейін «Onmet» серіктестігінің металл өңдеу цехының жұмысымен танысты. Кәсіпорын 2021 жылы іске қосылып, бүгінгі күні тұрақты жұмыс жасауда. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестор 400 млн теңге қаражат бөлген. Қазіргі таңда 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
Алдағы уақытта кәсіпорын жергілікті тұрғындарға ұсынатын тауар түрлерін арттыруды көздеп отыр.

Ардақ Темірханұлының жұмысы «Композиттік құбырлар зауытында» жалғасты. Серіктестік 2017 жылдан бастап шыны талшықты құбырларын шығаруда. Қуаттылығы жылына 120 мың текше метрді құрайды. Бүгінгі күні компания ірі құбыр арматурасын өндірушілер мен тұтынушылардың серіктесі болып табылады. Қытайдың, Еуропаның, Ресейдің жоғары сапалы өнімдер шығаратын ірі зауыттарымен тығыз байланыста.
Өнімдер қатаң түрде әлемдік стандарттарына сәйкес жасалады және жоғары әлемдік талаптарға сәйкес келеді. Кәсіпорында 38 маман тұрақты жұмыспен қамтылған.

Одан кейін Белкөл кентінде орналасқан «Марал Нұр» серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорыны 2005 жылдан бастап теміржол арқылы жолаушылар тасымалымен айналысатынын, атап айтқанда, Жезқазған-Астана, Қарағанды-Қаражал және Қызылорда-Павлодар бағыттарында жылына 1 млн астам жолушыларды тасымалдап келеді. 19 жылдан бері әлеуметтік маңызды бағытта теміржол тасымалдау жұмысын атқарып келетін мекемеде 250 маман қызмет етеді. 

Жұмыс барысында кәсіпорын басшысы вагондарды жөндеу үшін Қызылордадан депо ашпақ мақсаты бар екенін және қажетті жабдықтар импортталатын болған соң қымбат болып келетінін жеткізді. 
Соған орай, кәсіпорын иесі жабдықтарға, қажетті құралдарға жеңілдетілген несие қарастыруды сұрады. Қазіргі таңда, вагон жөндейтін зауыттың құрылысы 80%-ға аяқталған.

− Маңызды кәсіпорынның қызметіне тиісті мән беріліп, осы мәселені алдағы уақытта зерттеп, көтерген сұрақтарын қолданыстағы заңнама аясында тиісті органдар арқылы шешуге ықпал жасайтын боламыз, − дейді Ардақ Зебешов.

Мұнан кейінгі аялдама «Np Consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысу болды. Аталған кәсіпкерлік нысан 2014 жылдан бастап қорғаушы каскаларын және 19 литрлік бөтелкелердің қақпатарын өндіреді. Цех Қытай елінің құрал-жабдығымен жабдықталған және өндірісте неміс технологиясын пайдаланады. Сондай-ақ, шикізатты Ресей елінен тасымалдайды. 

Бүгінде өндіріс орнында тәулігіне 500 қорғаушы каска, 10 мыңға жуық қақпақ шығаруға мүмкіндік бар. Өнімдерге тұтынушылар тарапынан сұраныс мол, еліміздің барлық өңіріне тасымалдануда.

Кездесу нәтижесінда Ардақ Темірханұлы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін қолдау шаралары туралы түсіндіріп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті қолдау шараларын көрсетілетінін мәлімдеді.
 

Тағы да оқыңыз: