Kyzylorda-news.kz Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе.
Қазақи қолөнермен яғни көрпе тігумен айналысатын шеберлердің бірі – Индира Жұмашева. Аралдық кәсіпкер түйе жүнінен көрпе тігумен айналысады. Бұл мақсатта жылына 1,5 тонна түйе жүнін пайдаланады.
Индира жас кезінен тігіншілікке бейім болып өседі. Алайда алғашқы еңбек жолын сұлулық салонынан бастайды. Денсаулығы сыр бергендіктен, жаңа бағытты игеруге тура келеді.
−Тігін саласы - мен үшін таңсық емес. Жастайымнан анамнан үйреніп, біліктілігімді арттыра түстім. Қазір көрпе-жастық тігуден басқа тұрмысқа қажетті перде және өзге де киім, дүниелерді тігумен айналысамын. Кәсібімді жолға қойып келемін. Қазір көрпе-жастық көбінесе синтетикадан жасалады. Сондай дүниелерді өзгертуге бел байладым. Арал өңірінде теңіз өнімдерінен басқа түйе шаруашылығы да кеңінен дамыған. Сондықтан «түйе жүнін неге кәдеге асырмасқа?» деп ойлана бастадым. Алғашында түйе жүн көрпені өзім пайдаландым. Ұнағаны жеңіл әрі ауа өткізу қабілеті жоғары. Яғни денең дем алады. Осылайша жаңа өнімді нарыққа шығаруды қолға алдым,−деді ол.
Бүгінде «Ай-Аружан» тігін орталығы 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның үшеуі - мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Түйе жүні − өнеркәсіп үшін таптырмайтын шикізат. Бұл туралы кәсіпкер жүннен тоқылған матаға, затқа шетелдіктер тарапынан сұраныстың жоғары екенін айтады. Себебі, түйе жүн – мықтылығы, жеңілдігі және жұмсақтығымен де ыңғайлы көрінеді. Сондай-ақ, түйе жүнінен тоқылған орамал, кеудеше, шұлық суық өткізбесе, одан дайындалған күпілер жиырылып қалмайды екен.
Кәсіпкердің түйе жүнінен көрпе тігумен айналысқанына 5-6 жылдың шамасы болған. Түйе жүні жай ғана пайдалы емес, түрлі ауруға да ем екен. Ал шуданың жөні бір бөлек екенін ерекше ықыласпен айтады.
− Айта кетсек, ертеде түйелі көш «сахараның салтанатты» деп аталған. Ежелгі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі керуен жолының тарихы түйе түлігімен тікелей байланысты. Төрт түліктің бойында болатын жақсы қасиеттердің бәрі түйе малының бойынан табылады. Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерінде түйеге қатысты теңеу сөздер, даналық нақылдар, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Бұл ой-тұжырымдар түйенің тіршілік ерекшеліктерін айқын аңғартады. «Түйесі бардың - киесі бар» деп те атайды. Түйешіні «ұлық баққан» деп құрметтеп, оған көпшілік жиналған жерде төрдей орын берген. Түйе түлігіне арналған аңыздар бойынша шығарылған күйлер де ел арасына кеңінен таралған.
Есептеуімше, бір адамдық көрпеге 1,8-2 келі түйе жүні кетеді. Көрпеге түйенің барлық жүні жарай бермейді. Тек бүйір жүні керек. Бір түйеден 3 келі бүйір жүн шығады. Біз соны пайдаланамыз. Ол ең жұмсақ, қолдануға қолайлы. Оны жақсылап жуып-тазалап, түткеннен кейін ғана көрпе дайындалады. Өніміміз экологиялық таза. Жақында сәйкестендіру сертификатын алдық. Түйе жүнін бізде бірден сыртқа жіберіп жатыр. Сапалы шикізатты жинау үшін ауылдарды аралап, алдын ала ақысын төлеп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Түйе шаруашылығында бағалы өнім - жүн. Оның 85 пайызы таза, бағалы түбіт. Сондықтан әртүрлі табиғи жүндер арасында өзінің технологиялық қасиеттері бойынша жетекші орын алады. Қылшықты қой жүніне қарағанда түйе жүнінде мамығы көп, өлі түгі және шайыры жоқ. Түйеден өндірілетін жүн өз сапасына байланысты өте жоғары бағаланады.
Түйе жүні көптеген ауруға ем. Түйе жүнінен жасаған белдікпен құяңды емдейді. Сондай-ақ түйе жүн көрпе суық тиюден қорғайды. Ол адам ағзасын түрлі дерттен сауықтырып қана қоймайды, ағзаны жасартатын қасиетке ие. Жас балаларға түйе жүнінен тоқылған шұлық кигізіп, көрпесін жамылдырса, суық тимейді. Ал шуданың жөні бөлек. Шуда негізінен тізе шуда және мойын шуда болып екіге бөлінеді. Қазір шуда сұраушылар көп. Тіпті үлкен қалада тұратындардың өзі осы шудамен емделіп жүр. Біз де бұрындары әке-шешемізден көрген тәсілмен ем қылудың жолдарын айтып жатамыз, − дейді.
Бүгінде кәсіпкер түйе жүнін төсек-жабдықтарда қолдану аясын кеңейту үшін түрлі мамандармен кеңесіп, жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Алматы қаласынан арнайы эксперт алдырып, мамандарын оқытпақшы. Одан бөлек Италия, Түркиядағы әріптестерімен де байланыс орнатуда. Еліміз бойынша түйе жүнінен жасалған көрпелерге Астана, Алматы мен Қарағанды тұрғындары ерекше қызығушылық танытып, жиі тапсырыс береді екен.
Индира өзінің өнімін былтыр облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында көпшілік назарына ұсынды. Нәтижесінде «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаз атанды. Кәсіпкердің ендігі мақсаты өнімді Арал өңірінің брендіне айналдыру.