Kyzylorda-news.kz Бүгінде кәсіп түрі көп. Кім немен айналысқысы келеді, таңдау өзінде. Оның үстіне мемелекет кәсіп бастауға ниеттілерге қаржылай қолдау білдіруде. Оған еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар куә. Қайтарымсыз гранттың да иесі атануға мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы жоба қарастырып, соны қорғап шықсан жеткілікті. Одан бөлек аз пайызда қарастырылған несие түрлері да бар.
Анығында кәсіпкерлер үшін тиімді бағдарлама жетерлік. Бастысы, кәсібінді қолға алып кетуін керек. Міне, біздің өңірде де кәсіпкерлікпен айналысып, жеке бизнеске бет бұрғандар қарасы көп. Бірі ауылшаруашылығы, енді бірі кондитерлік өнімдерді іске асыруда.
Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз аралдық Жеңіскүл Қыстаубаева. Ол өзгеше кәсіпті қолға алыпты. Яки жылқы, сиыр, түйе, тауық етінен шұжық шығаруда. Оның өнімдері «М9» деген атаумен аудан тұрғындарына таныла бастады. Дайын өнім «Халал» технологиясы бойынша шығарылады. Жобаны «Байқоңыр» ӘКК» АҚ қаржыландырған. Жоба құны – 5,2 млн теңге.
– Бүгінде "қай істі қолға алсам екен" деп жүре беруге болмайды. Ойлаған істі қолға алып, бірден бастап кеткен дұрыс. Оның үстіне мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Жағдай жасалып тұрғанда, неге оны пайдаланып қалмасқа? Ал мен айналысқан кәсіпті дөңгелетіп жатқандар қатары аз. Бәсекелестерім де айтарлықтай көп емес. Сондықтан болар сұраныс көп. Тұрғындардың шұжыққа деген қызығушылықтары артып келеді. Бір алып, дәмін көрген адам, қайтара тапсырыс беріп жатыр. Осылайша, тұтынушылар саны көбеюде. Болашақта бұл істі дамытып, дөңгелету жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.
Аталған кәсіпті табыс көзіне айналдыруды мақсат тұтқан Ж.Қыстаубаева Алматы қаласына арнайы барып, шұжық дайындау курсын оқыған. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша алған жеңілдетілген несиеге кәсіпкер қажетті құрылғыларды сатып алған.
"Жоғарыда шұжыққа сұраныс артып келе жатқанын айттым. Қазіргі таңда бізде күніне 20-25 келі шұжық өндіріледі. Ұсынып отырған өнімді нағыз жергілікті деп айтуға болады. Шұжықтың 5 түрін шығаруға толық дайынбыз. Бүгінде бұл өнімге халықтың сұранысы арта түсуде. Себебі өзімізде өндірілгендіктен тұтынушыларға арзанға түсуде, – дейді кәсіпкер.
Жеңіскүл Қыстаубаева Арал қаласында алғашқы болып шұжық цехын ашып, халал өнімдерін тұрғындарға ұсынып отыр. Қазір кәсіпкер шұжықтарын азық-түлік дүкендеріне өткізуде.
– Әлеуметтік желінің дамыған заманы. Жалпы, тапсырыстардың басым көпшілігі инстаграм парақшасы арқылы түседі. Бір-екі рет алған адам тұрақты тұтынушы болып қалуда. Одан бөлек дүкендерге тұрақты өткізіп жатырмын. Бұл істі кеңейту мақсатында біршама жұмыстар атқарылуы керек. Алда жоспарларым көп. Соларды біртіндеп қолға алсам, кәсібімді кеңейтсем, жұмыссыз жүрген жандарды жұмыспен қамтысам деген ниетім бар. Мұны енді болашақтың еншісінде, – дейді кәсіпкер.
Кейіпкеріміз жастайынан кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып өскен жан. Бүгінгі күнге дейін түрлі кәсіппен айналысып, барынша өзін сынады. Талапшыл жанның талпынысы да жоғары. Үнемі тың дүниені қолға алғанды қалайтын кәсіпкердің шұжығы аралдықтардың көңілінен шықты.