Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік қолдау шараларының және өзінің қарым-қабілетінің арқасында кәсібін жүргізіп, халыққа қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлер саны жыл санап артуда. Бұл қатарға соңғы жылдары сұлулық салондарының егелері де қосылды. Осы ретте таза, ұқыпты және талапқа сай қызмет көрсетуге бейімделген Гүлзихан Төремұратованың есімі Арал ауданының қыз-келіншектеріне етене таныс. Ол өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, өзінің «Still» сән салонын ашты. Бұл туралы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Ашылғанына біраз уақыт болмаған нысан бүгінде өз тұтынушыларын жинап та үлгерген. Іші жинақы, шағын болса да шашаусыз, жиһаздары ерекше талғаммен орналастырылған. Гүлзихан Атабайқызы Аралдың тумасы. Ұзақ жылдар бойы кәсіппен айналысып, бірнеше кәсіптің иесі атанып үлгерген ол көптен бері осы іспен айналысуды мақсат тұтқан екен. Осы ойын жүзеге асыруы үшін «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен 8 млн теңге несие алып, сән салонын ашып отыр.
Әйелдерге сұлулық сыйлау – бір ғанибет. Осы орайда жеке ісімді дөңгелету үшін былтыр «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алып, сұлулық салонын аштым. Сөйтіп сән салонымның ішін керек құралдар мен жиһаздарға толықтырдым. Бүгінде тұрақты тұтынушыларым да бар. Оларды әр уақытқа жазып қойып, сол бойынша қызмет көрсетемін. Салонда 3 адам жұмыс жасайды. Қолға алған ісім жақсы нәтиже беріп жатса, кейін үлкейту ойда бар, – дейді Гүлзихан Атабайқызы.
Кешегіге дейін аудан орталығында мұндай сән орталықтары өте аз болатын дейді кәсіпкер. Енді сұлулыққа құмар қыз-келіншектер үшін осы сән салоны шаш, кірпік, макияж, тырнақ әрлеу мен косметологиялық бет күтімі бойынша қызмет көрсететін болады.
Фото:freepik.com