Kyzylorda-news.kz  Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев Ақирек ауылдық округіне жасаған жұмыс сапарында елдегі белді кәсіпкерлердің бірі, бүгінде ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Жұмашевтың қолға алып жатқан бірқатар жұмыстарымен танысты.

Ауқымды жобаны Арал ауданы, Ақирек ауылдық округінде кәсіпкер Мейрамбек Тоғысұлы жалпы аумағы 380 гектар жеке меншіктегі жерінде іске асыруда.

Тау бөктеріндегі егістік алқабының 300 гектар жерін бүгінде толықтай тегістеп, қоршау жұмыстарын жүргізген. Келер жылы осы аумаққа жоңышқа егіп, мал азығына қажетті жем-шөп дайындау ісін қолға алған кәсіпкер, бұл бағыттағы жұмыстар нәтиже беретініне сенімді.

Сондай-ақ осыдан 5 жылдай уақыт бұрын алма ағаштарын егуді қолға алған. Бүгінде бұл иглікті істің нәтижесі бар. 5 гектар жер түгелдей қоршалып, жағалай терек талдармен көмкерілген. Ал бақша ішіндегі 3 мың түп алма ағашы жеміс беруде. Қосымша 300 түп шие, өрік сынды жеміс талдары да жайқалып тұр.

1аудан әкімі тау бөктеріндегі толымды жұмыстармен танысты.jpg

Аудан әкімі осы жұмыстарға куә болып, егістік басында арнайы жұмыс жүргізіп жатқан огроном мамандарымен тілдесті. Күтімі ерекше жеміс талдарын Арал топырағына жерсіндіріп, одан айтарлықтай нәтиже көрсетіп отырған диқаншы азаматтардың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, кәсіпкердің ауқымды бастамаларына ұдайы қолдау болатындығын жеткізді.

Осы маңның 10 гектар аумағын алып жатқан жер бүгінде тоған шаруашылығын дамыту бағытында өңделуде.

Жалпы құны 685 млн. теңге болатын жобаны жүзеге асыру мақсатында «Байқоңыр» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 513 млн. теңге несие қаражаты мақұлданып, тоған аумағын қазу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 9 тоғанның қазба жұмыстары аяқталған, қосымша 1 тоған қазылуда. Алдағы уақытта гидроқұрылыстары бастау алады. Жоба жыл соңына қарай іске қосылады деп күтілуде.

Жылдық қуаттылығы 300 тоннадай болатын тоған шаруашылығында сазан тектес балықтар өсірілетін болады.

аудан әкімі тау бөктеріндегі толымды жұмыстармен танысты.jpg

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы қолға алынып жатқан жобаның ауқымды екенін айтып, үлкен іске бастамашы болған жергілікті кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар алда атқарылатын өзге де жұмыстардың беталысын бағамдап, игілікті еске әркез қолдау болатындығын жеткізді.

Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: