Kyzylorda-news.kz Дүкен сөрелеріндегі «Меруерт» тортын жеген боларсыз. Осы тәттілердің Ақсуаттан шығатынын білетін бе едіңіз?! Біз білмеппіз. Дәмі тіл үйірер осы тәттілерді талай дастарханнан көрдік. Тамсана айтып жүргендердің де қарасы қалың. «Меруерт» тәттілері 2020 жылы нарыққа енді. Міне, содан бері ауқымын кеңейткен кәсіпорын бүгінде күніге 700-800, ал мереке күндері тіпті мыңнан аса тортты дайындап, тұтынушыға ұсынады.
Көкжиегі кеңейген кәсіп иелері осы күні Жаңақорған мен Қармақшы аудандарының аралығын тәттімен қамтамасыз етіп отыр. Қазір нарықтан өз орнын тауып, танымал болған «Меруерт» тәтті тортына басқа облыстардан да қызығушылық танытатындар қатары аз емес.
– Біз жұмысымызды 2020 жылы наурыз айында болған бастадық. Алдымен ауладағы кішкене сарайда торт пісірдік. Келіншегімнің хоббиі еді. Меруерт – үлкен қызымның есімі, – дейді Нұрғали Келдібайұлы тіл үйірер тәттілер жайлы айтып.
– Карантин басталып кеткенде көп кәсіп тоқтады ғой, енді бірі бағытын ауыстырды. Біз ауылдың «Whatsapp» топтарына жарнамамызды таратып, тұтынушы тауып отырдық. Жұмыстан кейін келіншегім екеуміз аралап жүріп, таратамыз. Кейін осы аумақтағы Жақыпбек Махамбетов, Наурыз елді мекендерінің дүкендерінен тапсырыс келе бастады. Тапсырыс көлемі артты. Кейін қалаға шықтық, әрі қарай аудандарға танылдық, - дейді кәсіпкер.
Бүгінде ісі оңға басқан кәсіпорын қызметкерлеріне жайлы жағдай жасап қойған. Бір үйдің баласындай болып, мұнда 30 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның барлығы дерлік – ақсуаттықтар. Осыдан 2 жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасымен 585 мың теңге грант ұтып алып, оған құрал-жабдықтар алған меруерттіктер қазір үлкен ауқымда жұмыс істеп жатыр. Нұрғали Келдібайұлы ғимаратты жалға алып отырғанын жеткізді. Алдағы уақытта өз алдына жеке ғимаратқа көшуді ойлап жүр. Алдағы уақытта кәсіпті дамытпақ ниетте.