Kyzylorda-news.kz Жапсырма қағазында «Ақсуат» деп жазылған шұлықтарды бұл күнде халық тұтына бастады. Иә, «қай Ақсуат?» деп жүрмеңіз, біздің Ақмешіттің іргесінен қоныс тепкен Ақсуат ауылдық округі. Жақында шұлық шығаратын шағын цех ашып, отбасылық кәсіптің шымылдығын түрді. Шағын үйдің ауласында кісі айналарлық қана бөлменің өзінен күніге 200-300 жұп шұлық шығып жатыр. Иә, қазіргі өндіріс дамыған. Шынашақтай нәрседен шыңға бастар даңғылға тап боласыз. Осы аядай бөлменің ішінде Сәрсенкүл Аралбаеваның жақында ғана ашқан кәсібі дөңгеленуде. Баласы мен жолдасы – көмекшілері.
– Келіншегім аяқастынан жұлдыз болып кетті. Бұлай боларын кім ойлаған? – дейді бізді қарсы алған отағасы күліп.
Ұлы мен жолдасы станоктардың тілін біледі. Сырттан келген мамандар бір ай арнайылап оқытыпты. Бүгінде техниканы бір адамдай меңгеріп алған олар жұмысты жүйелі жүргізуде.
– Шұлық шығарамыз деп ойлаған жоқпыз. Әдепкіде ауыл әкімдігінің қызметкерлері халыққа «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайлы түсіндірді. Жеңілдетілген несие болған соң әкімшіліктегі жиынға мал шаруашылығымен айналысамыз деп барғанбыз. «Бақсақ бақа екен» демекші, ол несие өндірісті дамытуға беріледі екен. Отбасымызбен ойласа келе, шұлық шығарамыз деп шештік. Құдайға шүкір, жұмыс жүріп жатыр, өнім сатылуда. Зерттеп көргенімізде Қазақстан бойынша шұлық шығаратын бірнеше кәсіпорын ғана бар екен. Үшеуі болса, төртіншісі – біз. Бұл нарықта әлі де бос орын бар деген сөз. Білекті түрдік те, іске кірісіп кеттік, – дейді Сәрсенкүл Аралбаева. Бүгінде Ақсуаттан шыққан шұлық «Сұлтан» сауда орталығында сатылуда. Өткізу жағын жолға қойған кәсіпкер шикізатты да өзі барып әкелмекші. Әрине, біреуден алып, екіншіге сатуды үйренген қоғамда өнім өндірудің қаншалықты қиын екенін білетіндер аз. Тәуекел деген жел қайыққа міне кетуге көбінің жігері жете бермейді.
– Шикізатты сырттан тапсырыс беріп, алдырып жүргенбіз. Енді өзіміз барсақ деп отырмыз. Өйткені әрбір заттың сапасы ерекше рөл ойнайды, оған баса мән береміз. Ал сапалы дүние шығару үшін шикізатыңыз да талай сыннан сүрінбей өту керек. Біздің өңірге өндірісті дамыту керегіне көз жеткіздік. Тіпті мына жапсырма қағазды да Алматыдан істетіп алдырдым. Енді шұлықты қаптайтын өндіріс бізде болмай тұр. Алдағы уақытта оны да іске қосу ойда бар, – дейді кәсіпкер.