Kyzylorda-news.kz Жаңақорған кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Нарзилдаева Акмаржан – кәсібін табысты жүргізіп отырған тігін шебері. Қазіргі таңда ол “ DILNUR ” атты жеке брендімен танымал шағын тігін цехын басқарады.
Негізгі мамандығы – математика пәнінің мұғалімі болғанымен, Акмаржан ханымның тігін ісіне деген қызығушылығы бала кезінен бастау алған. Соңғы алты жылдан бері осы салада тәжірибе жинақтап, кәсібін дамыту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Көп балалы ана, жолдасы екеуі 4 баланы тәрбиелеп отыр.
Бүгінде тігін цехы той көйлектері, мектеп формалары мен сырт киімдерді тігу бойынша кент тұрғындары мен ауыл-аймақтардан тапсырыстар қабылдап, ай сайын 50-ге жуық өнім дайындайды. Бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкер 2025 жылдың басында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 6 %-бен 5 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, тігін цехын кеңейтуге қажетті тігін машиналары, кесте тігу машинасы,үтіктеуге арналған үстел, пішуге арналған қайшы сияқты құрал-жабдықтарын сатып алды.
«Бұл мекеменің қаржылай қолдауы менің кәсібімді жаңа деңгейге шығаруға және менің жеке брендімнің қалыптасуына үлкен септігін тигізді. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы – кәсібін енді бастаған немесе кеңейткісі келетін жандар үшін үлкен мүмкіндік. Өз кәсібімді жаңа деңгейге көтеруге жағдай жасағандары үшін шексіз алғысымды білдіремін», – дейді кәсіпкер Ақмаржан Нарзилдаева.
Кәсіпкердің талғамы мен шеберлігіне сенім білдіретін тұтынушылар күннен-күнге артып келеді. Іскер ана болашақта өз кәсібін одан әрі кеңейтіп, тағы да жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Фото: «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының баспасөз қызметі