Kyzylorda-news.kz Бүгінде үйді безендіру үшін таңдау көп. Әр дизайнер өз идеясы бойынша безендіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сіз тек өз қалауыңызды айтсаңыз жеткілікті. Бұл – қазіргі таңда көп қолданыстағы кәсіптің түрі. Байқасаңыз, мекемеде болсын, балабақшада болсын қабырғада суреттер салынып тұрады. Бұл – балалардың қызығушылығын арттырып, ойлау қабілетін жақсартады. Сондықтан бұған сұраныс артқан. Айжан Бисенова бастаған кәсіпке жүгінушілер қатары артып келеді. Ол бастаған кәсіп арқылы робот-принтер кеңсеге, пәтерлер мен үйлердің, ойын-сауық мекемелерінің, кіреберіс, кафелер мен мейрамханалардың, ғимараттардың сыртқы қабырға беттеріне кез келген дизайн басып шығарады.

Кейіпкеріміздің басты мақсаты – тұтынушы көңілінен шығу. Оның сұранысы бойынша жұмысты нәтижелі жүргізу. Ол мемлекет тарапынан 5 млн қайтарымсыз несие алып, кәсібін дамытты. Бүгінде қабырғаларды безендіруге арналған жоғары технологиялық робот-принтер қызметін ұсынуда.

    – Бұл іспен айналысуға бастапқыда қорқыныш болды. Уақыт өте келе, сұраныс артқан соң бәрін де жеңуге болатынын түсіндім. Кәсіпті енді бастап келе жатқан кәсіпкерде "іс қалай жүруде?" деген сауал тұрады. Мұны алға ұмтылу арқылы, қиындықтан өту арқылы жеңуге болатынына көзім жетті. Сондықтан да қолға алған істі әрі қарай дамытып, жүргізу әр кәсіпкердің өзіне байланысты. Мемлекеттік грантты алуға өтінім беру арқылы, өз бизнес-жоспарымды қорғап шықтым. Осылайша, қайтарымсыз қаржыға ие болдым. Оны мақсатты пайдалана білдім, – дейді кәсіпкер.

   Кәсіпкер қазіргі таңда 3 адамды жұмыспен қамтыды. Оларға жұмыс барысын үйретті, сапалы дүние шығаруға бірлесе атсалысуда. Ультракүлгін басып шығару технологиясының арқасында қабырғаға басып шыққан сурет түсін, қанықтылығын 8 жылға дейін сақтайды. Қолданатын сертификатталған сия иіссіз және экологиялық таза. Қабырғалық принтер компьютермен және арнайы бағдарламамен басқарылады.

–  5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражатына қосымша 2,5 млн теңге қосып арнайы робот-принтер сатып алдым. Құрылғы гипс, бетон, кірпіш, шыны, пластик, ағаш, гипсокартонға басып шығарады. Әрине, қабырғаларды алдын ала тегістеу керек. Арнайы бағдарлама кез келген суретті салып береді. Жұмысымызды жақында бастадық. Біз тапсырыс қабылдауға дайынбыз, – дейді кәсіпкер.

                                                                  Мерейім ӘЛІБАТЫР,

                                  Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің

                                                                                                                                    ІІ курс студенті

Тағы да оқыңыз: