Kyzylorda-news.kz. Қазақта «Еңбегіне қарай өнбегі» деген тәмсіл бары сөзсіз. Қазіргі уақытта жерден ризық-несібесін терген шаруалар еңселі еңбек етумен дараланып келеді. Бұл ретте, аудан жастары бастап егін егуге ерекше машықтанған. Ерте көктемде бақшалық жерді дайындап, алажаздай егін еккен жастар диқаншылық кәсіптің қыр-сырына қаныққан. Сырдария ауданының көлемінде бірнеше жастар бригадасы құрылып, жұмыс жасап келе жатыр.
Шын мәнінде, ауданымызда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында және оларды жұмыспен қамту бағытында өткен жылы аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен ауданға қарасты бірнеше ауылдан жастар бригадасы ашылған болатын. Былтыр Шіркейлі, Айдарлы, Асқар Тоқмағамбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл ауылының жастары егін егіп, бақша өнімдерін күтіп, баптаған еді. Аталған жастар бригадаларына 200-ге жуық жас тартылған еді. Оларға 60 гектар жер беріліп, картоп пен бақша дақылдары орналастырылған екен.
– Елімізде жұмыссыздық деңгейі жастар арасында өзекті мәселеге айналып жатқаны сөзсіз. Ауданымыздың еңбек нарығында жастарды еңбекке тарту, жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында түрлі бағытта жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бір дәлелі – ауданымызда жастар бригадасының құрылуы болып табылады. Ауыл жастарының егін егуге деген құлшынысы жоғары. Маусым соңында мол өнім алуға үмітті. Бір жағынан NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратын жастардың жұмыспен қамтылуы – маңызды рөл ойнайды. Өткен жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, аудан әкімі Берік Сәрменбаев жастар бригадасының егін егу барысымен танысып, жоғары бағаларын берді, – деді Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі маманы Өмірзақ Есболатов.
Айта кетейік жастар бригадасы елдегі ағайынның ризық-несібесін теріп келеді. Өз кезегінде Айдарлық белсенді жас аталған бастамаға байланысты өз пікірін білдірді.
– Ауыл жастарының басын бір арнаға тоғыстырған бригаданың қызметі өз алдына үйлестіріп келеміз. Елді мекендегі әрбір жастың егін егуге, еңбек етуге өз мүмкіндігі бар. Ата-бабамыздан келе жатқан бақша егу кәсібін жандыру – күн тәртібінен түспейді. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін халыққа ұсынуға дайынбыз. Маусым соңында егінді бітік жинап, аудан қамбасын астыққа толтыру ойда бар. Әрине, жасалған істің еш кетпегені жақсы, – деді Дархан Әзімханов.