Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан "Ауыл аманаты" жобасының нәтижесін тұрғындар көруде. Бүгін жоба шеңберінде ауданға қарасты Айдарлы ауылында құрылған «Бәйтерек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің ашылу салтанаты өтті.
Аталған кооператив жылдық 2,5 пайызбен 27,6 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, жүннен жасалатын бұйымдар дайындау цехын ашты, Қазіргі таңда кәсіпорында 6 адам жұмыспен қамтылған.
Несие қаражатына жүн өңдейтін, тарайтын арнайы құрылғылар, теріге арналған тігін машина сатып алынған. Кооператив ауыл тұрғындарынан жүн, тері жинап, оны өңдеу арқылы ұлттық нақыштағы киіз үй бұйымдарын шығарумен айналысады.
Жалпы, аудан бойынша өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасымен құны 234,7 млн. теңгені құрайтын 23 жоба қаржыландырылған болса, оның ішінде Айдарлы ауылы бойынша жалпы 55,2 млн. теңгені құрайтын 2 кооператив жобасы қолдау тапты.
– Бүгін Айдарлы ауылының тумасы киіз басу ісін жандарына білген ардақты ана көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы, ісмер, қолөнер шебері Мәрияш Әлжанова Досмахқызы шеберлік сағатын өткізді. Дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, ғасырлар тоғысында талай сүрлеуден өткен ауыл жүртшылығы салт-сананы берік ұстады. Сыр өңірінің қойнауында жатқан құндылықтар келер ұрпақ үшін жұталмас байлық екені рас. Расында, біздің ауылымызда қаншама ескінің жұрнағындай болған рухани дүиелер жеткілікті. Өткен ғасырдан бері Айдарлы ауылы ұмыт болып бара жатқан кілем тоқу, киіз басу дәстүрін жетілдіріп келеді. Он саусағынан сан түрлі өнер туындылары шыққан ардақты ана, қолөнер шебері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Роза Әлбатырованың есімі республика аумағына кеңінен белгілі. Шындығында, Роза апамызға лайықты ізбасар бола білген ісмер, қолөнер шебері Мәрияш Әлжанова ерекше өнерді дамыту үстінде. Біз бүгін ерекше сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақстан қолөнершілер Одағы басшылығының ұйымдастыруымен кілем киіз басу әдіс-тәсілін қыз- келіншектерге меңгерту мақсатында 5 күн бойы шеберлік сағаты өткізілетіне, – деді Сырдария аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева.
Өз кезегінде ауыл әкімі Нұрбол Жұмабеков ерекше іс-шара пікірін білдірді.
– Бүгінде жергілікті халыққа мемлекет тарапынан көптеген қолдау жасалуда. Қолөнер шебері Мәрияш Әлжанова «Ауыл аманаты» жобасы аясында өзінің бизнесін кеңейтіп жатыр. «Бәйтерек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы алдағы уақытта жемісті болатынына сенеміз, – деді ауыл әкімі.