Kyzylorda-news.kz  Ит жүгіртіп, құс салған халқымыз үшін саятшылықтың орны бөлек. Аңшылық – күнкөріс көзі ғана емес, ер азаматтың табиғат аясында демалуына, ептілік қасиетін шыңдауына септігі тигізетін өнер. Бүгінде аңшылық шаруашылығын дамытуда бірқатар өзекті мәселе бар. Соның бірі – ұлттық асыл тұқымды ит түрлерінің, яғни, қазақы тазы мен төбеттің күрт азаюы болып отыр.

Қазір Қазалы ауданының көшелерінен, қаңғыбас иттердің арасынан жеті қазынаның бірі, әрі, адам баласының адал серігі қазақы төбет пен тазыны кезіктіру қиын. Еліміздегі ит асыраушыларды алаңдататыны да осы.

Ит тұқымдастарының арасында ең ақылдысы – қазақы төбет пен тазы. Асыл тұқымды итті көз жанарынан және құлағынан байқауға болады.

«Аттың жақсысы – бозы, иттің жақсысы – тазы» деп бекер айтылмаса керек. Қазақ тазысының алғырлығы, тектілігі және ерекше жаратылыс екені талай аңыз-әңгімеге арқау болды. Қашқан аңды қалт жібермейтін, тіпті қасқырдан да тайсалмайтын құмай тазыға қашан да сұраныс көп. Төбеттер де адамның сенімді досы әрі қорғаушысы. Болмысының салмақтылығымен ерекшеленетін олар бейберекетсіз үріп, айналадағылардың мазасын алмайды, үйренген ауласына өте адал. Сырттан келген қауіпке батыл тойтарыс береді. Қазақы төбеттен туған күшік бір жылдың ішінде өсіп жетіледі. Бір төбеттің ас-суы мен жағдайын жасауға айына орта есеппен 30 мың теңге кетеді екен. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмаса, төбет пен тазы тұқымын сақтап қалу қиын дейді ит асыраушылар. Халқымыздың қанына біткен құсбегілік пен аңшылық кәсіпті қайта жандандырмасақ, ұлттық құндылығымыздың бірін жоғалтып алуымыз әбден мүмкін.

Қазалы ауданында бірнеше жылдан бері ата кәсіппен айналысып келе жатқан Әділет Хасеннің айтуынша, олардың тұқымын асылдандыру, баяғы асылтұқымды тазылардың тегін қалпына келтіру бүгінгі күннің басты мәселесі екенін айтады.

– Арғы аталарымның бәрі бүркіт пен тазы ұстаған. Дәстүрді жалғастырып келеміз. Қазір 5 тазым бар. Үйде асыраймын. Тазыны байлап, қамап қоюға болмайды, жаттықтырып тұру қажет. Сол үшін жүгіртемін, күнделікті тамағын беріп, баптаймын. Мал қараудан бөлек, қыстыгүні аңға шығамыз. Бір тазыдан төрт, сегіз ұрпақтан қалуға болады. Жеті ата сияқты олардың да арғы тегі болады. Әрбір тазының төрт-бес атаға дейін таралуына алты-жеті жылдай уақыт кетеді. Осыны қолға алып, көбейтуіміз керек. Тазы ұстау үшін оның жағдайын жасау маңызды. Сондықтан, аңшылық өнерге қызығатын жандарға үкімет тарапынан қолдау болса, бұл шаруашылық жандана түсер еді, – дейді ол.

Тазы ит ұстау арқылы ата дәстүрді аласартпай отырған Амандық Қани ұлттық спортқа жанашыр жандардың санатында. Жиырма бес жасар жігіттің ит асырауға деген қызығушылығы ел астанасында білім алып жүргенде басталған. Бұған дейін отбасында аңшылықпен айналысқан адам да болмапты. Қазіргі таңда 9 тазының бабын келтіріп отырған азамат Оңтүстік пен Арқаның иттерінен артық тазы көрмегенін айтады.

– Аудан орталығы Әйтеке би кентінде тұрсам да, ауылдағы ағайынның хәлін жақсы білемін. Ара-тұра 4 арлан, 5 ұрғашы тазымды далалыққа апарып, аңға саламын. Барлығы шашаққұлақты қазақ тазылары. Ерекшелігі, ұшқыр, жеңіл әрі тазайын келеді. Аңшылыққа шыққанда із кеседі, шибөрімен жекпе-жек шықса жанын алады. Сол үшін ата бабамыз осы тұқымға көңіл бөлді. Сабырлы, оғаш мінез көрсетпейді. Дегенмен, кейбірінің қасқыр алатын қасиеті бар. Дейтұрғанмен, қазір бұлардың азайып бара жатқаны қынжылтады, – дейді.

Зерттеулерге сенсек, 1940 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 19 мыңдай төбет болған. Қазір небәрі 1 000-ның айналасында десек, оның 170-і ғана таза қанды көрінеді. Себебі, олар 1966 жылы Қытайдағы, 70-жылдары Қазақстандағы мәдениет төңкерісі кезінде «ескіліктің сарқыншағы» ретінде жоғала бастаған. Тіпті, Қытайдың жаңа жыл мерекесінде ит сою дәстүріне сәйкес, «қазақ төбетінің еті тәтті» деген желеумен қытайлар қорадағы итті қоймайтын болыпты. Кейін тәуелсіздік алып, жоғымызды түгендей бастадық. Осылайша, үркіншілік жылдары қазақ байларымен бірге шекара асып кетіп, Қытай, Моңғолия жеріндегі Алтай қазақтарында және Түркиядағы қандастарда сақталған төбеттер жеткізіле бастаған.

– Бұл ретте түрікмен алабайының атасы да, біздің қазақы төбет екенін ескерте кеткен жөн. Олардың өзі алып иттерін бертінге дейін «алабай» демей, «қазақы төбет» деп атап келген. Өйткені төбеттер Түрікменстанға большевиктер қуғындаған адайлармен бірге жеткен. Алайда, атасы қазақы төбет болғанымен, түрікмен алабайы әбден қаны бұзылған ит. Сондықтан олар ызақор, қабаған болып келеді. Тіпті, алдындағы тамағын қызғанып, өзінің иесін де жеп қоюға даяр тұрады. Қазақы төбет болса, керісінше, көрінгенге шабаланып үрмейді, байлаусыз жүрсе де адам қаппайды. Тек бөтен адам келсе ғана үріп, дыбыстайды. Балалар онымен ойнап, үстіне де мініп алып жүре береді. Әдетте, еріншек көрінетін тайыншадай төбеттер қасқыр көрсе, көзі жанып, ширығып шыға келеді. Алайда, қалыпты психикасы бұзылмаса, ит таласына түспейді. 

«Егер ит таластырудан қазақ төбетін көрсеңіз, бұл – таза қанды төбет емес. Ит төбелестіргіштер төбеттен ызақор, шапшаң ит шығару үшін, оны қазір неше түрлі шетелдік тұқымдармен будандастырып әлек. Таза қанды төбеттің күн санап азайып бара жатуының негізгі себебі осы», – дейді ит өсіруші Асылбек Әбдіқанұлы.

Қазақы төбет пен тазыны қорғауды қолға алатын кез баяғыда жеткен. Ештен кеш жақсы. Бұл мақсатта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оларды баптап, өсіретін арнайы орындар ашу қажет-ақ. Әйтпесе, енді біраз жылдан соң онсыз да аз қалған қазақы тұқымды итті сирек кезіктіруіміз әбден мүмкін.

Фото: e-history.kz/kz

Тағы да оқыңыз: